Елбасы еңбек өнімділігін ары қарай арттыруға ғылым жетістігін тартуды ұсынды
«Темірхан Досмұхамедов жетекшілік ететін «Байсерке» қожалығы шағын кәсіпорыннан салмақты компанияға айналды. Онда академиктер жұмыс істейді, олар білімін салып, өз қолдарымен ғажайып көрсетіп жатыр. Бидай өсімі гектарына 50 центнерге жетеді. Біз 13 центнер алған күндері қуанамыз», - деді Мемлекет басшысы.
«Еңбек өнімділігі артып келеді, бірақ ары қарай ғылымды іске қоспасақ ол ары өспейді. Бұл жерде ғылымды кәсіпорындарға араластыру мәселесі бар. Мұндай механизм жеке бизнестің міндетті қаржыландыруы арқылы болуы керек. Мысалы, Сингапурде ғалымға бизнестен қанша тапса, сонша қаржы беретін ереже бар. Солай болуы керек. Осындай жолмен ғана патенттеудің үлесін арттырып, ғылымға құйылатын жеке инвестицияны көбейтуге болады. Қолданбалы табыстардың негізі қозғаушы күші жеке сектор болуы қажет. Біздің алдымызда импортты алмастырып, экпорттық өндірісті дамыту міндеті тұр», - деді Н.Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ғимаратында ҚР Президенті, ҚР ҰҒА академигі Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР ҰҒА-ның 70-жылдық мерейтойына арналған ҚР ҰҒА-ның Жалпы жиналысының салтанатты сессиясы өтті.
Сессия жұмысына академиктер, корреспондент-мүшелері, ҚР ҰҒА-ның құрметті мүшелері, ЖОО ректорлары, ҒЗИ директорлары, елдің көрнекті қоғамдық және мәдениет қайраткерлері, шетелдік қонақтар ғылым академиялары президенттері қатысты.