Елбасы финляндиялық компанияларды Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытуға шақырды
«Қазақстан бүгінде «жасыл» экономикаға көшу аясында белсенді шараларды атқаруда. Бұл тұрғыда бізде ауқымды мүмкіндіктер бар», - деп тоқталған Н. Назарбаев: «Біз Сіздерді «жасыл» экономиканы дамыту тұрғысындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз», - деді.
Осы орайда Мемлекет басшысы қазақстандық тарап жаңаратын энергия көздері саласында қазіргі заманғы технологияларды енгізуге ниетті филяндиялық компанияларға қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Елбасы Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бүгін және ертең екіжақты келіссөздерді қамтамасыз етуі тиіс екендігін айта келе: «Сіздердің Қазақстанға жұмыс істеуге келулеріңіз үлкен мәртебе. Өзіміздің тарапымыздан Сіздердің жұмыстарыңызды қолдау үшін барлығын істейміз. Үкіметке де осы бағытта тиісті тапсырма жүктеледі», - деді.
Сөз соңында Н. Назарбаев «жасыл» экономика бұл инновациялық экономика екенін, сондай-ақ ол қазіргі заманғы технологияларға негізделгенін, бұл өз кезегінде Қазақстанды индустрияландыруда өте қажет бағыт екендігін қадап айтты.