Елбасы G20 елдерінің саммитінде Қытай және АҚШ басшыларымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің 4-5 күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен G20 елдерінің ХІ саммитіне қатысты. G20 саммитіне осымен екінші рет қатысып отырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммит қарсаңындағы Қытай еліне жұмыс сапары аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтас­тықты, оның ішінде сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатындағы кең ауқымды мәселелер қаралды. Сонымен қатар екі мемлекеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарба­ев Си Цзиньпинге жұмыс сапарымен келуге, сондай-ақ G20 саммитіне қатысуға ша­қырғаны үшін алғыс айтты. «Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзірлеген күн тәртібі дамудың қазіргі кезеңінде өте өзекті. Бүгінде G20-ның экономикалық про­бле­маларға мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды міндеттерді шешуге септігін тигізетін болады», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық қарым-қатынас орныққан жылдар ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімнің айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.

- Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стра­тегия­лық серіктестіктің үлгілі моделін құ­рып, экономикалық ынтымақтастықты жа­ңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қы­тай­дың үкіметтері қол жеткен келісімдер қоры­тын­дысы бойынша алға қойылған міндет­терді орындау жұмысымен белсене айналысуда. Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын, ал келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетін боламыз, - деді Елбасы.

Си Цзиньпин еліміздің жаһандық диалогқа елеулі үлесін қосып келе жатқанына ризашылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Тараптар G20 саммиті әлемдік экономи­ка­ның бұдан арғы даму жолдарын айқын­дауда маңызды рөл атқарып, жаһандық экономи­калық өсімнің жаңа қозғаушы күшіне айналады деп үміттенетінін білдірді.

Мемлекет басшысы G20 саммитіне қатысу барысында бірқатар мемлекеттердің  және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесуі барысында бірқатар маңызды салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, екі елдің көшбасшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде де пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ басшысы Барак Обаманың президенттігі кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастық көптеген бағыттар бойынша, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Ал Барак Обама Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Америка Құрама Штаттары үшін жақын дос және сенімді серіктес екенін айтып, өзінің президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де өзара тығыз іс-қимыл жасауға әзір екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті АҚШ басшысы Б.Обаманы елімізге сапармен келуге шақырды.