Елбасы: Индустрияландыру картасының мәртебесін арттыру қажет

АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Индустряландыру картасының мәртебесін көтеру керек. Бүгін елордада өтіп жатқан Индустриялық форум барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назарбаев осылай мәлім етті.

 «Ең алдымен министрлер мен әкімдерде индустрияландыру мәселесіне жеңіл-желпі қарайтын түсінік болмауы шарт. Әрине, біз бүгін барлық жобаларды қосуға тырысып жатырмыз, алайда осы нысандар қазіргі емес, ертеңгі, келешектегі күн талабына жауап берулері керек. Өкінішке қарай, кей жағдайда әдемі есеп беріп, нүктені басып, лента қиып, артынан ұмытып кететіндер болып жатыр. Сондықтан да ондай кәсіпорындар өндіріс қуатына шыға алмайды», - деді Елбасы Н. Назарбаев.

Бұл ретте Президент Индустрияландыру картасына жоғары қосылған құн салығы бар, жоғары технологиялы өнім шығаратын, нақты негізі бар жобалар қамтылуы шарт. «Мемлекеттік органдар, ең алдымен әкімдіктер бастапқы кезеңде ғана емес, жобаны толық қуатына шыққанша қолдауы керек. Үкімет ұдайы жобаның проблемаларын қадағалап отыруы шарт. Туындаған проблемаларды дер кезінде шешу қажет», - деді Елбасы.