Елбасы Қарулы күштер мен құқық қорғау органдарына жоғары талап қойып отыр - ҚР Қорғаныс министрлігінің алқа отырысы

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен алқа отырысы болып өтті.

Бұл туралы ҚР ҚМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

 Қарулы Күштердің сапалық көрсеткіштеріне байланысты бірқатар мәселелер қарастырылды.  Қатысушылар көктемгі әскерге шақыру науқанына байланысты жауынгерлік дайындық пен әскери тәртіп, сондай-ақ,Қарулы Күштердегі дене тәрбиесінің  қорытындыларын талқылады.

 Алқа жұмысына облыстық әскерге шақыру комиссиясының және медицина комиссиясының төрағалары болып саналатын Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Астана мен Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

 Қорғаныс ведомствосының басшысы, Алқа жұмысына бірінші рет жергілікті жерлердегі әскерге шақыру жұмыстарына жауап беретін  адамдардың келіп отырғандығын айта келіп, әскерге  шақырудың сапалы жүргізілуі Қарулы Күштер мен басқа да әскерлердің ұрысқа қабілеттілігін арттыруға тікелей қатыстылығын, сол себепті әскери комиссарлар мен облыстық әскерге шақыру және медицина комиссиясының арасында нақты  өзара қарым-қатынас пен үйлестіру жұмыстарының  сапалы жүргізілуі қажет екендігін назарға салды.

 «Қарулы Күштердің басым міндеттерінің бірі әскерлердің жауынгерлік және жедел әзірлігін арттыру болып табылады»,-деп атап өтті Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. - Мұны ел Президенті - Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы талап етеді.

 Әділбек Жақсыбеков жауынгерлік әзірлік бойынша Қазақстан армиясы басты назарды жеке құрамның дайындығына аударатындығын атап өтті. Бүгінде әскерлер әртүрлі ұрыс қимылдарының маңызды қашықтықта өткізілетін әрекеттерін оқып үйренуде. Сол себепті дене тәрбиесі әзірлігі тек жеке әскери қызметшілердің ғана емес, жалпы бөлімшенің жауынгерлік дайындығын анықтайды.

 Алқа отырысы қарсаңында Қазақстан армиясының жетекші құрамы дене тәрбиесінен сынақ тапсырғанын айта кеткен жөн.

 Қорғаныс министрі, «әскерлерде дене тәрбиесі әзірлігі ең жоғары деңгейде болуы тиіс»,-деді.

 «Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына, Қарулы Күштерге, басқа да әскери құрылымдарға  жоғары талап қойып отыр. Мұның біздің әскерге шақырылушылардың  сапасына  да қатысы бар», -деп атап өтті  Әділбек Жақсыбеков. - Бұл мәселеге принципті басымдық қажет. Науқаншылдық емес, әрбір шақырылушыны жеке дара қараған жөн, жұмыстың басты талабы да осы.  Қарулы Күштердің ұрысқа қабілеттілігі, әрбір қазақстандық отбасы мен ел қауіпсіздігі осы аталған шараларға қатысты болмақ.