Елбасы: Қазақстан мен Жапония БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бірлескен жұмысын ядросыз әлем жолындағы күреске арнады

ТОКИО. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Жапония БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бірлескен жұмысын ядросыз әлем жолындағы күреске арнады. Бұл туралы бүгін Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездескеннен кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

«Бүгінде Жапония мемлекетаралық өзара қарым-қатынастың, оның ішінде Орталық Азиядағы да теңбе-тең сәулетін қалыптастыру үдерісіне ең басты қатысушыларының бірі саналады. Бізде белсенді қатысудамыз және мұны бағалаймыз. Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесіміз және бұл бірлескен жұмысымызды ядросыз әлем үшін күреске арнайтын боламыз. Бұл жалпы адамзаттың, біздің алдымызда тұрған міндет. Мұнан бөлек, ядролық қарусыздану және таратпау ісінде жетістікке жету үшін өзге де сын-қатерлерге қарсы бірлесе жұмыс істейміз», - деді Назарбаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары аясында атом бомбасынан қаза тапқандарға құрмет көрсету  үшін Хиросима қаласына баратындығын жеткізді.  Қазақстандықтардың да атом бомбасынан зардап шеккендігін, Семей ядролық сынақ полигонында Нагасаки мен Хиросимаға тасталған бомбадан 2500 есе асып түсетін жарылыстың жасалғанын атап өтті.

Сөз соңында Елбасы Жапония Премьер-Министріне қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді.

«Біз елдеріміз арасындағы одан арғы ынтымақтастыққа, стратегиялық достыққа тағы бір негіз қаладық деп үміт артамын», - деді Қазақстан Президенті.