Елбасы «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды
ҚазАқпарат құжаттың мәтінін таратады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы
«Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 3-1-тармағына сәйкес қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Комиссия туралы ереже;
2) Комиссия құрамы;
3) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидалары бекітілсін.
3. Президент Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2012 жылғы 30 желтоқсанға дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізсін, сондай-ақ осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлық, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті түзетулер қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидалары 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2012 жылғы 8 сәуір.