Елбасы қазақстандық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілеріне сұхбат берді
деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Елбасы ең алдымен, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойымен газет ұжымын және барша оқырмандарды құттықтады.
- Мен осында сіздерді құттықтау үшін келдім. Бұл елдің тағдырымен бірге өсіп келе жатқан халықтық басылым. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бергі еліміздің тарихы газеттің беттерінде қаттаулы. Дегенмен, қазір газет тек ресми ақпаратты жазып қана қоймай, халыққа керек нәрсені жазып, ақпарат құралдары салмақты материалдар беруі тиіс, - деді Президент.
Кездесу барысында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті С. Абдрахманов, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы А. Тараков, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ж. Омаров, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ж. Кенжалин, «Жас өркен» ЖШС бас директоры Ж. Қорғасбек, «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Д. Дияров, «Арна-Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Е. Байжанов, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Г. Ықсанова бүгінгі таңдағы елді толғандырып отырған көкейкесті мәселелер туралы Президентке сауалдар қойды.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғам дамуының келешек жоспарлары туралы әңгімеледі. Ол мемлекеттік саясаттың аясында жүргізіліп жатқан іс-шараларды шындық тұрғысында жария ету мерзімді баспасөздің маңызды міндеті болып табылатынын атап өтті. Экономикалық тақырыпта тартымды материалдар жеткіліксіз. Бюджеттен айтарлықтай қаражат бөлініп отырғандықтан, мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шаралары кең көлемде насихатталуы тиіс.
Елбасы әлемдік дағдарыстың жағымсыз ықпалдарына қарамастан, Қазақстан 2009 жылды оң нәтижемен аяқтап отырғанын атап өтті.
- Қазақстан 2010 жылдан бастап еліміздің 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясын жүзеге асыруға көшеді. Біз енді алғашқы 5 жылдық жоспарды іске асыруға кірісеміз. Экономикамызды көтеруді қолға аламыз, - деді Елбасы өз сөзінде.
Президент бұқаралық ақпарат құралдарының алдына жаңа міндеттер мен мақсаттар қойды. Атап айтқанда, БАҚ-тар елдің санасын көтеруге қызмет жасауы тиіс. Әрбір қазақстандық өзін-өзі қамтамасыз етуге бейімделуі керек.
Кездесу барысында Н.Назарбаев сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту, ел бірлігі доктринасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, жер мәселесі, Кедендік одақтың келешегі, еліміздің дағдарыстан кейінгі дамуы жайлы тақырыптарды кеңінен сөз қозғады.
- Жер сатылмайды. Бұл біздің заңдарымызда нақты көрсетілген. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер телімі Қазақстан азаматтарына жалға пайдалануға берілуі мүмкін, - деп кесіп айтты Президент.
Кездесуді қорытындылай келе, Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды алда келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, береке-бірлік, мол табыс және елімізге тыныштық пен өсіп-өркендеу тіледі.