Жиынға белгілі отандық суретшілер, мүсіншілер, музыканттар, шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшілері мен дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері, елордалық университеттердің жетекшілері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
«Елбасы кітапханасы Жастар жылына арналған ауқымды іс-шаралар топтамасын бастайды. Солардың қатарында «Жастар - ел тірегі» кешенді тақырыптық көрмемізді, заманауи суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің, өнертанушылардың шығармашылығын насихаттауға, қолдауға бағытталған байқауымызды жариялаймыз. Жас ұрпақтың тәрбиесі - адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ендеше, бүгінгі көрме де, алдағы өнер туындылары жайлы іс- шаралар да жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты болып отыр», - деді көрме барысында Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
Елбасы кітапханасы осылайша Астана қаласындағы Суретшілер одағымен бірлесіп, жас суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен өнертанушылар арасында ең үздік көркем туындыларға байқау жариялап отыр. Байқауға кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, өнертану бағыттары бойынша жұмыстар қабылданады.
Бұл байқауда 18-35 жас аралығындағы қатысушылар - «Ұлы дала тұлғалары», ал 35-тен жоғары жастағылар - «Қазіргі Қазақстан жастары суретшілер көзімен» тақырыптары бойынша бақ сынасатын болады. Байқау екі кезең бойынша өтеді: бірінші бөлім - маусымда, екінші бөлім - желтоқсан айында қорытындыланады. Байқау нәтижесі бойынша үздік шығармалар көрмесі ұйымдастырылып, лауреаттарды марапаттау салтанаты өткізіледі. Сондай-ақ, байқау жұмыстарының каталогы жарық көреді.
Байқауға жұмыстар 2019 жылдың 27 мамырына дейін қабылданады. Байқау бойынша барлық сұрақтардың жауабын 7 7172 327 621, 777 000 01 33 нөмірлері арқылы білуге болады.