Елбасы кітапханасында Астана күніне орай мерекелік онкүндік өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында «Ашық есік күндері» онкүндігі өтуде. Бұл туралы Кітапхана директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов хабарлады.

Қалыптасып қалған дәстүр бойынша, Елбасы кітапханасы Елорда күніне арналған мерекелік онкүндіктің ашылу салтанатын шілде айының 1 жұлдызында бастады. Ашық есік онкүндігі аясында өтетін іс-шаралар қатарында Жеке архивтің, Жеке кітапхананың және музей топтамаларының қорларынан жасақталған «Елбасы және Астана» кешенді көрмесі өтуде. Онда көрмені тамашалаушы көпшіліктің назарына 60 басылым, 47 архив материалдары, музей жинағынан 30 жәдігер ұсынылды. Айта кету керек, көрме негізгі 3 бөлімнен тұрады: «Астананың қалыптасуы», «Астананың қайталанбас бейнесі» және «Астана - әлемдік үнқатысу алаңы». Барлық материалдар бас қаланың қалыптасу кезеңдерін және оны дамытуда Елбасының өлшеусіз еңбегін паш етеді. Оған қоса, көптеген іс-шаралардың ішінде «Астана - Қазақстанның стратегиялық векторы» атты дөңгелек үстел мен түрлі байқаулар, фейсбук әлеуметтік желісінде «Астана - ЭКСПО ордасы»  атты викториналар ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы 4 қарашадан бастап, Кітапханаға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі қосылған болатын. Осы интеграция нәтижесінде Жеке кітапханада жәдігерлер, кітаптар, архив материалдары қоры екі есе артып, экспозициялық-көрмелік, мәдени, ғылыми-білім беру қызметінің ауқымы кеңейді. Атап айтсақ, бүгінгі таңда музей жинағы 10 178 сақтау бірлігін құрап, олар 11 топтамаға енгізілді. Ал Жеке кітапхана қорының көлемі 28 601 сақтау бірлігін құрады. Елбасының жеке архивінде оның қызметтік, қоғамдық өмір жолынан сыр шертетін 140 мыңға жуық архив құжаттары, бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар сақталған. Бұл қор жыл сайын ғылыми-іздестіру жұмыстарының арқасында тұрақты түрде толығып отырады. Ай       та кету керек, бұл жерге келетін көрермен және оқырман қауымының күн санап артуда. Статистикалық мәліметтерге сүйінсек, Жеке кітапхананың қос ғимаратына жыл сайын 200 000-нан астам адам келеді.

Онкүндіктің алғашқы күндерінде «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы қазақстандықтардың көзімен» тақырыбындағы фотобайқаудың жеңімпаздары, яғни әуесқой фотосуретшілер марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш байқау биылғы жылдың
8 маусымда жарияланған болатын. Байқауға қатысушылар іс-шараның ережесі бойынша өздері түсірген үздік фотосуреттерін #МәңгілікЕлБіздіңКөзімізбен хэштегімен Instagram желісіне жүктеген болатын.

Сондай-ақ, «Ашық есік күндері» онкүндігі аясында «Елбасы жолы» киноэпопеясының үшінші бөлімі - «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмі, ал 5 шілде күні «Елбасы жолы» киноэпопеясының соңғы бөлімі - «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің көрсетілімі өтті.

«Ашық есік күндері» онкүндігі барысында Назарбаев орталығы ғимараты мен Елбасы кітапханасы музейінде шолулық және тақырыптық экскурсиялар жүргізілгендігін айта кеткен жөн. Онкүндіктің ашылуы салтанатты түрде, мерекелік атмосферада өтті. Оған Олимпиада чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әйгілі опера әншiсi Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қорының лауреаты, атақты балет әртісі Досжан Табылды және мемлекеттік органдардың өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, талантты жас орындаушылар, елордамыздың тұрғындары мен меймандары қатысты.