Аталған шараға Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы - Махмұт Қасымбеков, Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтар жөніндегі көмекшісі - Әли Гасанов, Халықаралық түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - Дархан Қыдырәлі қатысты.
"Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян" атты кітап әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткерінің саяси тұлғасымен бірге соғыстан кейінгі ауылдың қиындығында ысылған, туған елімен астасып кеткен азаматтың әрі таныс, әрі ыстық бейнесі суреттеледі. Ешбір оқырманды бей-жай қалдырмайтын ақиқат деректер күреске толы қайсар өмірдің тарихқа айнала бастаған толғақты сәттері баяндалады.
Кең ауқымды оқырмандар қауымына арналған кітап Астана қаласында 2012 жылы қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан болатын. Бүгінге дейін аталмыш туынды ағылшын, неміс, кәріс, араб, венгер, серб және қытай тілдеріне аударылып үлгерді. Қазақстандағы латын қарпіне көшу маңызды мәселесі қаралып жатқанда осы кітаптың латынға аударылып шығуы ел жетістігінің тағы бір нышаны болды.
«Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының әзербайжан тіліндегі аудармасының ұйымдастырушылардың қатарында Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтар жөніндегі көмекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әли Гасанов, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты, философия ғылымдарының докторы Джаваншир Фейзиев, танымал әзербайжан журналисі, «Дискавери Азербайджан» журналының редакторы, аудармашы Аида Эйвазова, Халықаралық түркі академиясының президенті, профессор Дархан Қыдырәлі бар.
Жобаның жетекшісі және кітап авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбеков көп жылдар бойы Мемлекет басшысының қол астында қызмет етіп, президенттік институтты кәсіби зерттеумен айналысты.
Іс-шараны ашқан алғы сөзінде Махмұт Қасымбеков, әзербайжан тілінде шыққан кітап Қазақстан халқы мен оның Мемлекет басшысына деген құрмет" екендігін атап өтті.
Өз өмірін халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған түркі әлемінің белгілі әрі беделді ақсақалы, Ұлы дала елінің Тұңғыш Президенті жайлы баяндайтын мазмұнды кітаптың кіріспесіне алғы сөзді Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтар жөніндегі көмекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әли Гасанов жазғаны белгілі.
Ә. Гасановтың сөзіне сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында бүгінгі күні Қазақстанда тұрақтылық ту тігіп, ертеден тұрақтап қалған ұлттар мен халықтар арасында мызғымас татулық орнаған. Мультимәдениетті құндылықтары қалыптасқан қоғам соның дәлелі болмақ. Бұл елде жалпыұлттық ниеті бір 130-ға жуық ұлт өкілдері, оның ішінде әзербайжан ұлты да тату-тәтті өмір сүруде.
Тұсаукесерге Қазақстан Республикасында шетелдік дипломатиялық міндеттерін атқарып жүрген өкілдер, Башқұртстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Түркия ғылым академиясының басшылары, отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.