«Бүгін Елбасы тарихты тереңнен қозғап, біздің қазақ мемлекеттілігіміздің өзінің түбірі күштілігін, тамыры тереңдігін, оның мемлекеттік қабілетінің, қасиетінің, ежелден нәр алатын тарихының орнын ерекше атап өте отырып, болашаққа, мәңгілік елге қай жолмен келе жатқанымызды айғақтап ашып берді», - дейді депутат.
«Елбасы біздің сипатымыз, біздің мінездемеміз - Ұлы дала мемлекеті екенін тағы бір атап өтті. Өйткені біз осы далада болған бірнеше дәуірлердегі мемлекеттердің мұрагерлеріміз. Біздің шекарамыз алғаш рет бекітілді. Президентіміздің ең алғаш қолға алған қадамдарының бірі - біздің шекарамызды анықтау. Біздің төңірегімізде Қытай, Ресей империялары бар, оңтүстігімізде Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан - солардың барлығымен 14 мыңнан астам шекарамыз келісілді. Бұл - біздің мемлекеттік келбетімізді қалыптастыра түсті», - деп атап өтті ол.
«Біз қандай жағдайда Мәңгілік ел боламыз, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі сөзінде соны мейлінше ашып берді. Ол өзінің баяндамасында көптің көкейінде жүрген мәселелерді ұлттық мүддеміздің тұрғысында айшықтап, соған халықтың рухын жинақтады. Яғни, біз өз мемлекетіміздің, ұрпағымыздың болашағын ойласақ, соған жұмылып, осы жаңа заманда шет қалмай, технологиялық жаңалықтардан қалыс қалмай, басқа елдер сияқты дамудың жолында болуымыз керек. Сол себепті бізге ғана емес, жастарға да үлкен міндет жүктеледі», - деп түйді сөзін Қ.Сұлтанов.