Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан түрлі өңірлік және xалықаралық ұйымдар арасында табысты іс-қимыл жасап келеді. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев: «Біздің отын, энергетика, көлік пен транзит салаларында экономикалық ынтымақтастығымыз қарқынды дамуда» деп атап көрсетті. Соның бірі Қытай бастамашы болған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» халықаралық жобасы. Бұл жоба екі бағыттан тұрады: біріншісі - құрлықтағы Жібек жолын жаңғырту болса, екіншісі - ХХІ ғасырдағы теңіздегі Жібек жолы. Бұл екеуінің біріккендегі ортақ атауы - «Бір белдеу - бір жол» жобасы. Қазақстан Президенті Түрікменстанмен бірлескен ірі жобалардың бірі - Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы жаңа Жібек жолының күре тамыры екенін атап өтті. Елбасы бұл инфрақұрылымдық жобаның маңызы туралы 15 мамыр күні Бейжіңде өтетін «Бір белдеу - бір жол» форумында егжей-тегжейлі айтылатынын жеткізді.
Кездесу барысында екі ел президенттері Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді және қазақ-түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты рәсімдеді. Сонымен қатар ғылыми-теxникалық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша үкіметаралық комиссия туралы келісімге, үкіметтер арасындағы құпия ақпараттарды өзара қорғау туралы шартқа, Сыртқы істер министрліктерінің ынтымақтастық бағдарламасына, Қаржы министрліктері арасындағы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы өзара әрекеттестік туралы келісімге, Астана мен Ашxабад арасында бауырластық туралы келісімге, Қазақстан мен Түрікменстанның кәсіпкерлік палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.
Елбасы Н.Назарбаев Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Ауқымды іс-шараға ЕАЭО мүше бес елдің де президенттері - Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев және ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Сонымен қатар жиынға Молдова президенті Игорь Додон ЕАЭО бақылаушы болуға үміткер ел ретінде қатысты. Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қырғызстан Президенті А.Атамбаев жүргізді.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ЕАЭО аясында көп жұмыстар атқарылғанын айтты. Елбасының мәлімдеуінше, қазір ұйымның шарттық құқықтық базасы құрылып, тұрақты кеңею үстінде. Ұзақмерзімді және ортамерзімді басымдықтар айқын. ЕАЭО тауарлар, қызметтер, капитал, жұмыс күші еркін қозғала бастады. Түрлі елдермен, халықаралық ұйымдармен байланыс реттеле түсуде.