Бізді мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатының бірінші кезекте халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталғандығы қуантты. М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектеп директоры Фарида Қабылбекова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсетіндігі барлық бюджет саласындағы қызметкерлер үшін қуантарлық жағдай болмақ.
«Биылғы Жолдауда әрбір қазақстандықтар үшін ғұмырлық білім алу жеке мақсат болу керектігінің баса айтылғандығы, кәсіптік және техникалық білімнің мазмұнын түбегейлі жаңарту көзделгендігі, білім беру саласында жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке көшуі, мемлекеттен бонустық пайыздар алу арқылы балалардың білім алуына жағдай жасау көзделгендігі көңілімізден шықты»,-дейді ол.
«Сондай-ақ, «Балапан» бағдарламасының әлі жалғасын табатындығы, 2020 жылға дейін 12 жылдық білім беру жүйесіне толық көшу мәселесі, 2015 жылға дейін электрондық оқыту 50 пайызға, ал 2020 жылы 90 пайызға дейін өсетінін, еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған 20 интеллектуалдық мектеп жоғары оқу орнына дарынды балаларды дайындаудың негізгі базасы болатынын ашып көрсетуі Елбасының білім саласына үлкен назар аударатындығының тағы бір айғағы болды»,- деп атап өтті мектеп директоры.