Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Сапар бағдарламасында екі ел басшылары деңгейіндегі Жоғары мемлекетаралық кеңестің үшінші отырысын өткізу жоспарланған, оның аясында Қазақстан-Қырғызстан стратегиялық әріптестігі бағыттарының болашағы талқыланады.
Келіссөздер нәтижесінде дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына орайластырылған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарды тереңдету туралы мерейтойлық Декларацияға қол қою көзделген. Сонымен қатар өзара мүдделерге бағытталған басқа да екіжақты құжаттар бекітілмек.
Бұдан бөлек, 23 тамыз күні Бішкекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің екінші Саммитінің жұмысына қатысады.
Айта кетейік, «Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесін құру туралы» келісімге 2009 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен қол қойылған болатын.
Құрамына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия кіретін аталмыш ұйымның негізгі мақсаты мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін ашу және олардың халықтарымен бірлесе отырып, түркі әлемінің мәдени-тарихи мұрасын насихаттауға бағытталған іс-қимылдарды жүзеге асыру болып табылады.