Елбасы Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан адамдардың жақындары мен туған- туыстарына көңіл айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қырғызстандағы оқиға кезінде 85 адам қаза тапты деп айтып жатыр, бұдан да көп болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанның атынан мен бізге көрші, бауырлас қырғыз халқына, қаза тапқан адамдардың жақындары мен туған -туыстарына көңіл айтамын», деді Н. Назарбаев бүгін Ақордадағы брифингте.

Елбасының айтуынша, Құрманбек Бәкиев елдің оңтүстігіндегі өзінің жақтастарына арқа сүйеді және оның төңірегінде қару-жарақты адамдар болды. «Алғашқы әңгімемізде ол ақыр соңына дейін күресетінін айтты. Бұл жаңа қантөгісті білдіретін жағдай еді. Мұндай жағдайда Қырғызстан азаматтарының шығыны ұлғаятын еді», деді Н. Назарбаев.