Елбасы мәртебесі, Стати ісі, президенттік мандатты шектеу – Әділет министрімен сұхбат
- Министр мырза, биыл жалпыұлттық референдум барысында Конституцияға бірқатар өзгерту енгізілгені белгілі. Енді жаңарған Конституциядан кейін қандай заңнамалық түзетулер болады? Жалпы, бұл процесс толығымен қашан аяқталады? Қазақстандықтар өзгерістерді толыққанды қашан сезінеді?
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын жаңартылған Конституцияға сәйкес келтіру мақсатында Әділет министрлігі бес заң жобасын әзірледі.
Біріншісі - «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы. Президент, Парламент, Үкімет, Сайлау туралы, Сот жүйесі туралы және тағы басқа жайттарға қатысты Конституциялық заңнамаларға өзгерістер енгізу мәселелерін қамтиды.
Екіншісі - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы. Бұл құжатта саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары сот кеңесінің, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін, Есеп комитетін жоғары аудиторлық палатаға қайта қалыптастыру, норма шығару мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу көзделген.
Үшіншісі - «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы», төртіншісі - «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобалары.
Бесіншісі - «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Бұл заң жобасы сайлау заңнамасына өзгерістер енгізілуіне, Конституциялық соттың құрылуына, сондай-ақ мәжбүрлі еңбек мәселесіне байланысты болмақ. Бұл ретте Конституциялық сот және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Конституциялық заңдар аталған органдардың құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін ашатын болады.
Әділет министрлігі аталған заң жобаларды Парламенттің қарауына осы жылдың 24 тамызында енгізді. Заң жобаларын жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланған. Конституцияның жаңа нормаларын және Конституцияны іске асыру үшін әзірленген заңдарды қолданысқа енгізуге келетін болсақ, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның 2-бабында Конституцияның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдері айқындалған өтпелі ережелер көзделген. Мысалы, Конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық соттың қызметін айқындайтын ережелер 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін болады.
Лауазымды адамдарға өкілеттік берудің жаңа тәртібін белгілейтін Конституция нормалары егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе онда, осы лауазымды адамдардың өкілеттік мерзімінің аяқталуына немесе өкілеттіктерінің тоқтатылуына қарай қолданысқа енгізіледі.
Сонымен қатар, Әділет министрлігі әзірлеген заң жобаларының белгілі бір ережелерді қолданысқа енгізу бойынша өтпелі ережелері де бар екенін атап өткім келеді.
- Қолданыстағы заңнамада Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Елбасы» мәртебесіне қатысты өзгерістер болды ма? Яғни, ақпарат құралдарында Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» деп атауға немесе жазуға бола ма?
- «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен айқындалады деп бекітетін Конституцияның 46-бабының 4-тармағы алып тасталды. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнаманы Конституция нормаларына сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Егер «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Конституциялық заң жойылуға қойылса, Тұңғыш Президенттің одан әрі қызметі, сондай-ақ мәртебесі «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық Заңда, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенттері» VI тарауымен регламенттелетін болады.
Ал енді Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» ретінде БАҚ-та көрсетуге қатысты айтар болсам, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Конституциялық заң бүгінгі күні қолданыста. Осыған байланысты бұл мәртебені ақпарат құралдарында қолданылуы мүмкін деп ойлаймын.
- Халықаралық деңгейде дау болған Стати ісіне де тоқталсаңыз. Түйінді мәселе толығымен шешілді ме? Осы іске байланысты Қазақстанның Ұлттық қоры активтеріне салынған бұғат толығымен алынды ма? Сонымен қатар, қор активтерінің заңсыз бұғатталуына байланысты келген залалды ағайынды Статилер өтеді ме?
- Қазіргі уақытта Стати ісі бойынша шетелдік юрисдикцияларда әділ шешімдерге қол жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыс нәтижесін беріп отыр. Мәселен, бүгінгі күні Стати мемлекеттен қандай да бір сома өндіріп ала алмады. Керісінше, Ұлттық қордың және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының активтеріне миллиардтаған сомаға заңсыз салынған тыйым қазіргі уақытта алынып тасталды.
Ұлыбритания және Бельгияның сот органдары Статидің заңсыз әрекеттеріне тиісті баға беріп, алаяқтық жолымен алынған төрелік шешімді орындауға жол берген жоқ.
Мысалы, 2021 жылдың қараша айында Брюссельдің апелляциялық соты Стати төрелік талқылауға дейін, төрелік талқылау барысында және одан кейін алаяқтық жасады деген қорытындыға келіп, төрелік шешімді тану Бельгияның жария тәртібіне қайшы келетін болады деп шешім шығарды.
Оның алдында, 2017 жылы Англияның Жоғары соты Статидің алаяқтығы туралы жеткілікті дәлелдер бар екенін анықтап, осы мәселені мәні бойынша қарастыру үшін бөлек іс жүргізуді ұйғарды. Алайда Стати алаяқтығы әшкереленетінін біліп, өзі бастаған сот процесін аяқтап, ағылшын юрисдикциясынан мүлдем кетті.
Сонымен қатар, Қазақстанның талап-арызы негізінде Люксембургтің құқық қорғау органдары Статиге қатысты құжаттарды қолдан жасағаны, алаяқтық жасағаны және ақшаны жылыстатқаны үшін қылмыстық тергеу жүргізуде.
Айта кету керек, Статидің алаяқтық схемалары туралы дәлелдемелер шетелдегі жеке сот процестері мен халықаралық тергеу тапсырмаларының арқасында алынған болатын. Осы дәлелдемелердің негізінде басқа да шетелдік юрисдикциялардың құзыретті органдары Статидің әрекеттеріне баға беріп, жауапкершілікке тартатынына сенімдіміз.
- Жалпы, Әділет министрлігінің бақылауында тұрған дәл осыған ұқсас тағы қандай даулы істер бар?
- Қазақстан дауларды шешу тетіктерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Дүниежүзілік банктің вице-президенті және Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың бас хатшысы Мэг Кинер «Қазақстанның статистикасы басқа мемлекеттердің нәтижелеріне ұқсас екенін және Қазақстанның халықаралық төрелікке «өте теңдестірілген» көзқарасы бар екенін көрсетеді», деп атап өткен болатын.
2022 жылдың шілдесіндегі деректерге сәйкес, Қазақстанға қарсы басталған 20 істің 11-і Қазақстанның пайдасына, 2 іс бейбіт жолмен шешілді. Ал 6 ic талапкерлердің пайдасына шешілген еді
Айта кетерлігі, молдовалық кәсіпкерлер Анатол мен Габриэль Статиге қатысты іс - ұзақ уақыт бойы аяқталмаған жалғыз іс.
Осы даудың көп юрисдикциялық сипатын, құқықтық мәселелердің күрделілігін және ауқымды ақпараттық науқанын ескере отырып, Стати ісі Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де бірегей болып саналады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында п резидент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп, екінші рет сайлануға тыйым салу бастамасын көтер ді . Мұндай өзгеріс Ата заң ғ а енген жағдайда қ оғамға қ андай тиімділігі болмақ? Сонымен қатар биыл кезектен тыс Президент сайлауы өтуі тиіс . Егер сайлау өтіп, іс басындағы Мемлекет басшысы қайта сайланса, онда 2029 жылғы сайлауда 7 жылдық мерзімге өз кандидатурасын ұсына ала ма?
- Жеті жылдық мерзімді белгілеу сайлау алдындағы бағдарламаларды іске асыру үшін мерзім жеткіліктілігінің объективті шынайылығын көрсетеді. Шын мәнінде, бұл Президент өкілеттіктерінің қысқаруы, Президент ағымдағы жылы пәрмен берген саяси реформаның қисынды жалғасы.
Жеті жылдық мерзім және президенттік мандатты бір мерзімге шектеу бөлігінде ұсынылып отырған новеллалар стратегиялық міндеттерді шешуге барынша назар аударуды және президенттердің өздерінің бағдарламаларында қойылған мақсаттарды толыққанды іске асыруын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Президент қызметінде болу жиілігін шектеу туралы ұсыныс билікті монополияландыру тәуекелдерін төмендетуге және саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Жалпылама айтар болсам, Президент ұсынған түзетулерді қабылдау - олардың Парламентке ұсынылуы және Парламентте қаралу мерзімдеріне, сонымен қатар түзетулердің редакциясына байланысты болады.
- Сұхбатыңызға рақмет!