Елбасы Мәскеудегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысады
12:40, 23 Желтоқсан 2013
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - 24 желтоқсанда Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Бұл жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, кездесу қорытындысы бойынша бірыңғай кедендік саясат, табиғи монополиялардың қызметін реттеу және бәсекелестік ережесі бағытында бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.
«Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің интеграциялық өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру бойынша жұмыстардың барысын талқылайды. Еуразиялық интеграциялық құрылымдарға Қырғызстан мен Арменияның қосылуы тұрғысында «жол карталарын» даярлау мен жүзеге асыру мәселелері қаралады», - делінген РФ президенті әкімшілігінің хабарламасында.