Елбасы: Медициналық білім алушылардың барлығының дәрігер болуы міндет емес

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жергілікті дәрігерлермен кездесіп, Зырян және Аягөз аудандарымен телекөпір режімінде тікелей байланысқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі. 

Биыл Шығыс Қазақстанның екі ауданында инсульт орталығы ашылған болатын. Аталмыш орталықтардың ұжымы Аягөз және Зырян қалаларынан Елбасымен тікелей байланысқа шықты.

«Аягөздегі инсульт орталығында Үржар, Тарбағатай және Жарма аудандарының халқы да ем алуда. Осылайша 200 мыңнан астам халықты заманауи қондырғылармен жабдықталған орталықта емдейміз. Ең бастысы, халық бұрынғыдай Өскемен мен Семейге сенделмейтін болды» - деді Аягөз аудандық ауруханасының бас дәрігері Шалқар Омаров.

Ал Зырян ауданындағы орталық Катонқарағай және Күршім аудандарына қызмет көрсетеді. Мұнда шалғай елді мекендердегі 180 мыңнан астам халық екінші деңгейлі инсульт орталығының қызметін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.

Мемлекет басшысы мұндай орталықтардың ұлт саулығын нығайтудағы маңызы зор екенін атады.

«Зырян қаласын жақсы білемін. Нағыз өндірістік қала. Облыс орталығынан алыс жатқандықтан, инсульт орталығының ашылуы құптарлық іс.  Қазір бүкіл әлемде адамзат өмірін ұзарту үшін күрес жүріп жатыр. Елімізде жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұматындардың саны көбейген соң, барлық облыс орталықтарында инсульт орталықтарын ашқанбыз. Соның нәтижесінде қауіпті індеттен қайтыс болғандардың саны күрт азайды. Ана мен бала өлімін де төмендеттік. Әлемде өлім көрсеткіші жөнінен онкологиялық аурулар бірінші орында тұр. Онымен күрестің ең алғашқы қадамы - әркім өз денсаулығын күтуі керек. Денсаулық сақтау ісінде медицинаның үлесі 10-15 пайыз ғана. Қалғаны адамның өзіне тікелей байланысты», - деген Мемлекет басшысы шетелде оқып келген мамандардан біздегі және шетелдік жүйенің айырмашылығын сұрады.

«Онда аурудың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Әйтпесе негізгі жұмыстарында біздегіден өзгешелік жоқ» - деді семейлік дәрігер Идалия Рахимова.

Елбасы мемлекет қаржысына алынып жатқан қымбат қондырғылардың ел игілігіне жарауы үшін дәрігерлердің білімі соған сай болуы керектігін атап өтті.

«Ең әуелі дәрігер білікті болуы шарт. Дипломы бардың бәрі білікті маман деген сөз емес. Кейбір медицинасы озық елдерде студенттер 3-4 курстарда бейіміне қарай іріктеледі. Яғни, барлығына бірдей дәрігер дипломы берілмейді. Кейбірі медицина саласының менеджері болуы мүмкін. Қымбат әрі заманауи қондырғылардың болғаны жақсы, бірақ оны қолдана алатын мамандар болуы керек. Қазір ағза алмастыру оталарын өзімізде жасай алатын болдық. Робот техникасы медицинаға да дендеп енуде. Осының бәрі адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Соңғы 10 жылда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 65-тен 72-ге жетті. Енді оны 80-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Ол үшін дәрігерлер халыққа жақын болуы керек. Алдарыңызға келген науқасқа жылы қабақ танытып, сыпайы сөйлескеніңіздің өзі үлкен көмек», - деді Елбасы.