Елбасы Н.Назарбаев республикалық ардагерлер ұйымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толуына орай құттықтау хат жолдады.

 Аталған хатты бүгін елордадағы Конгресс-Холл сарайында өтіп жатқан жиын барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берді.

«Ардақты ардагерлер, сіздерді айтулы оқиға - Республика ардагерлері ұйымының құрылуының 25 жылдығымен құттықтаймын. Ең алдымен барлық ардагерлерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Аға ұрпақтың еңбегін толықтай бағалау қиын. Сіздердің көпшілігіңіздің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысының сұрапылына тап келгендіктен майдан далаларында ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсете жүріп, шайқасып Ұлы Жеңісті жақындаттыңыздар. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары да оңай болған жоқ. Сіздер ол міндетті де үлкен абыроймен орындап шықтыңыздар», - делінген құттықтауда.

Сондай-ақ ҚР Президенті  еліміздің ардагерлерінің тәуелсіздіктің қиын-қыстау жылдарында экономикалық және әлеуметтік-саяси реформаларға қолдау білдіргендіктерін, Қазақстандағы тұрақтылықтың, бірліктің, қоғамдық келісімнің нығаюына зор үлес қосып келе жатқандықтарын баса айтқан.

«Сіздерге, сіздердің отбасыларыңыз бен туған-туысқандарыңызға мықты денсаулық, бақыт, бейбіт өмір мен игіліктер тілеймін», - дейді құттықтау хатында