Елбасы Н.Назарбаев Түрік Республикасының қорғаныс министрімен әскери-техникалық саладағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының қорғаныс министрі Исмет Йылмазды қабылдады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде әскери-техникалық саладағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, таяуда ашылған электронды-оптикалық құрылғылар шығаратын қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны аясындағы серіктестік перспективалары қаралды.

Мемлекет басшысы екі елдің қорғаныс өнеркәсібіндегі өзара ықпалдастығын одан әрі дамыту үшін бұл кәсіпорынның мән-маңызын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев зауытты білікті жергілікті кадрлармен қамтамасыз етудің маңыздылығына да назар аударды.

Өз кезегінде И.Йылмаз кәсіпорын құрылысы әскери-техникалық саладағы екіжақты қарқынды ынтымақтастықтың нәтижесі екенін айтты. Бұған қоса, ол бұл салада жақсы перспектива барын атап өтіп, серіктестіктің одан әрі дами түсетініне сенімін білдірді.