Шараға Түркия Президенті Абдулла Гүл, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Әзербайжан Премьер-Министрі Артур Расизаде, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Халил Акынжы қатыспақ.
Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылдың 3 қазанда Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы Саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемлекет басшылары Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған құжаттың қабылдануы түркі халықтарының бірлігін нығайтатын аймақтық жалпытүркі бірлестігін құруға негіз қалады. Кеңес оған мүше мемлекеттер мен халықтар арасындағы татулық, бірлік пен ынтымақтастықтың әлеуетін арттырып, түркі халықтарының бай мәдени-тарихи мұрасын насихаттау жөніндегі ортақ күш-жігерін жандандырады, болашақта олардың өзара ықпалдасуы үшін жағдай жасап, түркітілдес мемлекеттердің халықаралық сахнада біріккен ұстаныммен шығуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Түркі кеңесіне Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттері мүше болып табылады. Түркі Кеңесінің Хатшылығы құрылып, оған Саммит барысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын зерделеу, жоғары деңгейдегі кездесулер мен сарапшылар отырыстарын дайындау, жалпытүркі басымдықтарына қатысты ортақ ұсыныстар енгізу сияқты міндеттер жүктелген. Хатшылықтың Бас хатшысы лауазымына Түркия СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Халил Акынжы сайланған. Хатшылықтың штаб-пәтері Түркияның Ыстамбұл қаласында орналасқан.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі аясында жыл сайын Мемлекет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Аға лауазымды адамдар комитетінің, Ақсақалдар кеңесінің және экономикалық ынтымақтастық бойынша жұмыс топтарының отырыстарын өткізу қарастырылған.
Түркі кеңесінің алғашқы Саммиті 2011 жылдың 21 қазанында Алматыда өтті. Саммитке ҚР Президенті Н.Назарбаев, ӘР Президенті И.Алиев, Қырғызстан Президенті Р.Отунбаева, ТР Премьер-министрінің орынбасары Б.Боздағ қатысты. Саммит нәтижесінде Алматы декларациясы және Түркі кеңесінің рәсімдік ережелері қабылданды.
Алқалы жиынның қорытындысында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі ІІ Саммитінің декларациясына (Бішкек декларациясы) қол қойылады деп күтілуде.