Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын креативті жастар атқаратындығына сенеді. - Ә.Сапарбаев
«Әлемді өз тұрақтылығы, келісімі және бейбітшілігімен тамсандырған еліміздің креативті жастары алдағы уақытта «Нұрлы жол» бастамаларындағы шараларды барлық күш-жігерімен атқаратындығына сенеді»,- дейді профессор.
Профессор Ә.Сапарбаевтің пікірінше, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімдерін ұштайтын іс-шаралар да мемлекеттік бағдарламада көрініс тапқан. «Еліміздің әлеуметтік-саяси өмірі мен жағдайы сипатталатын бағдарламаның өзіндік салмақты жүгі бар. Жаңа қазақстандық патриотизм идеясынан бастау алатын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы нұрлы жолмен жалғаспақ. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленетін жылда Жолдау қағидалары сәтті жүзеге асатындығына сеніміміз мол», дейді экономист.
Қазіргі таңда елімізде адам капиталын және интеллектуалды ұлт қалыптастыру үрдісі жүріп жатқаны анық. Бұл үрдіс ел жастарының әлемдік бәсекеге шыдас беріп, халықаралық стандарттардың бойларына сіңіруі үшін жасалып жатқан қадамдарың бірі. Ал, «Нұрлы жол» бағдарламасы осы үрдістің тек заңды жалғасы болып, ғылым мен білімнің жандануына үлес қосады деп есептейті профессор Сапарбаев.
«Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиеден бастап, жоғары білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде оқыту мен тәрбиелеу үдерісінің адам капиталын дамытуға бағытталуы елдігіміздің белгісі десек артық емес. Бүгінгі таңда қалыптасқан еңбек нарығында білімді, шығармашылық түрде креативті ойлай алатын, интеллектуалдық әлеуеті жоғары, алған білімін кез келген салада қолдана алуға қабілетті мамандар дайындау жоғары оқу орындарының басты мақсаты болмақ. Білім саласындағы олқылықтарды жою мақсатында Елбасы Үкіметке бұл салаға қосымша 70 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлуді тапсырды. Мектепке дейінгі білім беру саласына да үш жылдың ішінде қосымша 20 млрд. теңге қаржы бөлінетін болды. Еліміздегі 10 жоғары оқу орны индустрияландыру бағдарламасы аясында ғылым мен экономика салаларының байланысын қамтамасыз ететін және мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына айналмақ. Елбасы «Нұрлы жол» Жолдауында бұл мәселеге де көрегендікпен қарап, 10 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға 2017 жылға дейін 10 млрд. теңге қаржы бөлуді Үкіметке жүктеді. Мұндай қамқорлық, білім-ғылым саласына деген Президентіміздің ерекше назары жоғары оқу орындары ұжымдарының қызметіне жаңа серпіліс береді және жаңа белестерді алуға ұмтылдырады».
Сонымен бірге, еліміздің ЖОО-ғы ғылым мен білім сапасын жетілдіру үшін елбасы әртүрлі салалық білім мен ғылымның интеграциялануына қатысты бірқатар нақты шаралар да «Нұрлы жол» бағдарламасында қамтылған болатын.
Бұл туралы профессор Әбдіжапар Сапарбаев былай дейді: «Елбасы өз сөзінде елге ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесін коммерциялаудың тиімді жүйесінің аса қажет екендігін атап өткен болатын. Бұл жүйе дамуының маңызды құрамы ғылым мен бизнес арасындағы мықты байланыс болып табылады. Ғылым мен бизнес арасындағы байланыстың дамуына қолғабыс ету мақсатында Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банктің қатысуымен Технологияларды коммерциялау жобасын жүзеге асыруда және оның шеңберінде «Технологияларды коммерциялау орталығы» қызмет етуде. Аталған жүйені дамытудың маңызды құрамдас бөлігі ғылым мен бизнестің арасындағы байланыс болып табылады. 2011-2014 жылдары осы жоба шеңберінде 65 ҒЗТКЖ жобасы және 16 инновациялық грант жобалары 6млрд.теңгенден астам жоба іске асырылуда. Сондықтан жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде еліміздегі тұрақтылық пен татулықты, халықтар арасындағы ынтымақтастықты сақтай білуге, ата-баба дәстүрін жалғастырып, өткен тарихты құрметтеп, бүгінгі болашаққа үлкен сенім артуы тиіс».
Қазақстан саясатының жастарға неліктен көп көңіл бөлуі тиіс екенін экономист былайша түсіндірді: «Өйткені Қазақстанда жастар арасындағы өзара татулық, бір-біріне деген достық пен сыйластық жоғары оқу орындарында білім алушыларды ауызбірлікке тәрбиелеп, Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруға жол ашады. Әлемдегі болып жатқан түрлі дағдарыстарға мойынсұнбай, экономикасы тұрақты дамып келе жатқан мемлекетіміздің ұстанған бағыт-бағдарына шетелдерде де үлкен қызығушылық бар».