Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысында химиялық реагенттер зауытын іске қосты
«Бүгін Сіздің қатысуыңызбен өңірді индустриаландыру аясында жүзеге асырылатын жаңа өнеркәсіп нысаны - қазіргі коммуналдық шаруашылыққа керекті су тазалау, сондай-ақ мұнай-газ саласында көміртекті-сутекті өндіру, даярлау, тасымалдау үшін аса қажетті химиялық реагенттер зауытын іске қосамыз. Бұрын осының барлығын шетелден сатып алатын болсақ, енді өзімізде өндіруді қолға алып отырмыз. Өнім әлемдік талаптарға сай, кейбір компоненттері одан да жоғары. Сол сияқты алдағы 2 жылда осындай 30 инновациялық жоба ашылатын болады», - деп атап өткен өңір басшысы Бергей Рысқалиев жаңа зауытты іске қосуға рұқсат сұрады.
«Барша атыраулықтарды жеңістерімен шын жүрегімнен құттықтаймын. Атырау - мұнай өңірі. Бірақ та басқа да өндірістерді өркендету керек деген менің тапсырмам бар. Соған байланысты мұнай өңдеуден басқа да өндірістер, мамандар даярлау өсіп-өркендеп келе жатыр. Атыраулықтардың ерен еңбегі - еліміздің тәуелсіздігіне деген үлкен сыйы болып саналады. Сондықтан баршаларыңызды Тәуелсіздік мерекесімен, Жаңа жылмен құттықтап, денсаулық, жанұяда бірлік, елімізде тыныштық, бастарыңызға бақ тілеймін. Зауытты іске қосыңыздар», - деді Елбасы Н.Назарбаев.