Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ы жаңа ғимаратының ашылу салтанатына келді

None
; АСТАНА. Желтоқсанның  23-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -  Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның жаңа ғимаратының ашылу салтанатына келді. Бұл оқиға газеттің тұңғыш нөмірінің шыққанына 90 жыл толуына байланысты орайластырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Газеттің 90 жылдығына орай жолдаған құттықтауында Мемлекет басшысы: «Соңғы оншақты жылдың ішінде газеттің таралымы 38 мыңнан 150 мыңға жеткені, яғни 4 есе өскені, торқалы той қарсаңында редакцияның 8 қабатты жаңа ғимаратының уақтылы, сапалы тұрғызылуы акционерлік қоғам басшылығының заман талабына сай жұмыс істей білгендігінің белгісі, газет менеджментін айтарлықтай жақсарта алғанының арқасы» деп жоғары баға берген.

 Атап айтқанда, редакцияның жаңа кешенінің құрамына кіретін 2 ғимараттың жалпы көлемі 4 мың шаршы метрден астам.

Айта кетейік, осы жылдар ішінде Орынборда, Қызылордада, Алматыда, соңғы 10 жылда Астанада «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», «Егеменді Қазақстан», «Егемен Қазақстан» атауларымен шығып келген бұл газет қазақ елінің шынайы шежіресін жазу жолында аса ауқымды жұмыс атқарды. Өткен ғасырдың аяқ шенінде басылым беттерінде тәуелсіздік  идеясы ту етіп көтеріліп, қалың оқырманның санасына тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жөніндегі ордалы ойлар орнықтырылды. Газеттің жаңа ғимаратының ашылуы кезінде редакция ғимаратының 5 қабатында  орналасқан мәжіліс залында Елбасы  «АрнаМедиа» ұлттық ақпараттық холдингінің құрамына кіретін құрылымдарының басшыларына сұхбат береді, деп жоспарланып отыр.