Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 өткізуге байланысты елорданы дамыту жоспарын қайта қарауды тапсырды

None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ЭКСПО-2017 өткізу бойынша арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданы дамыту жоспарын қайта қарауды тапсырды.

«ЭКСПО-ны өткізу кезінде 3 айдың ішінде 5 миллионға жуық адамды қабылдау керектігін ескере отырып, қаланы дамыту жоспарын қайта қарастыру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президент қала әкімдігіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалар тұрғысында белгіленген міндеттер бойынша жұмыстарды атқаруды бастау керектігін атап өтті.

Осы орайда теміржол вокзалы, әуежай, тұрғын үй мәселесі де қамтылмақ. Елбасы қаланың инфрақұрылымы көрмеге қатысушыларды тиісті деңгейде қабылдауға негізделуі тиіс екендігін қадап айтты.