Елбасы Нұржұман Ықтымбаевты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады

АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Сіз еліміздің кино өнері саласында өзіндік орныңыз бар тұлғасыз». ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда Қазақстанның халық әртісі,

КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұржұман Ықтымбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған құттықтау хатында осылай айтылған.

Оны «Қазақтың Нұржұманы» деп аталатын шығармашылық кеште мерейтой иесіне Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына жиналған барша өнерсүйер қауымның алдында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев оқып берді. Мемлекет басшысы құттықтауында Нұржұман Байжұманұлының Қазақстанда соңғы жарты ғасырға жуық уақыттың ауқымында түсірілген фильмдердің көпшілігіне қатысып, сан қырлы рөлдерді айшықты сомдап, өз қолтаңбасын қалдырғанын ерекше атап өтеді. "Еңбексүйгіштігіңіз бен ізденгіштігіңізді, кейіпкердің жан дүниесін ашудағы кәсіби шеберлігіңізді кино өнерін қадірлейтін қауым жоғары бағалайды. Бірқатар елдердің киностудиялары туындыларына қатысуыңыз сіздің өнеріңізге деген сұраныстың жоғары екенін аңғартатын сүйінішті жәйт. Мол тәжірибеңіз бола тұрып өнер майталманы ретінде актерлік біліктілігіңізді осы кезге дейін ұдайы шыңдап отыруыңыз да жастарымызға жақсы үлгі деп білемін", - делінген.