Елбасы өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы Ақжайық ауданының тұрғындары да қолдайды

ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Еліміздің Тұрғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтың референдум өткізу жөнінде республикалық ынталы топтың Өскеменде болған жиыны, осы үлкен басқосудың қазақстандықтарға үндеуі бүгінде БҚО-дағы Ақжайық ауданы тұрғындарының да басты назарында.

«Алдағы онжылдықта да Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге боламыз!» - әлеуметтің бүгінгі ниеті де, тілегі де осы. Осы мәселеге арналған аудандық мәслихат отырысы өтті.

Осында жиналған депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар жетекшілері алдындағы сөзінде мәслихат хатшысы Дәулет Жақсыбаев былай деді:

-Еліміз тәуелсіздіктің 20 жылына аяқ басты. Осы жылдар аралығында Елбасының басшылығымен ғасырға бергісіз жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік шекарамызды, рәміздерімізді бекіттік. Жаңа Астанамызды салдық. Елбасы Семей атом полигонын жапты. Бұл көптеген мемлекетке үлгі болуда. Мемлекетіміз басшысының беделінің арқасында елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл түркі елдерінің көшбасшысы деңгейіне көтерілді. Оның Еуразиялық кеңістік құру идеясы жүзеге асып келеді. Ел дамуының негізгі құжатына айналып отырған «Қазақстан-2030» даму Стратегиясы нәтижелі орындалуда.

Нұрсұлтан Әбішұлының беделі арқасында Елордамызда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші саммиті өтіп, Астана Декларациясы қабылданды. Жетінші қысқы Азиада ойындарына да санаулы күндер қалды. Келесі жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымын басқаратын болады.

Бүгінде сондай-ақ, мысалы, «Жол картасы», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Балапан» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік беретін «Ақбұлақ» бағдарламасы жасақталуда.

Елбасының биылғы тарихи Жолдауына орай елімізде индустриялық-инновациялық өрлеу дәуірі басталды. Бүгіннің өзінде 152 индустриялық жоба іске қосылды. Соның ішінде БҚО-дан 5 жоба бар: Чинарев газ дайындау кешені; полиэтиленнен жасалған құбырлар шығаратын өндіріс орны; газ айдау агрегаттары өндірісі; металл құрылымдарын ыстықтай мырыштау өндірісі; ұсақ фракциялы дисперсиядан жасалған есіктер мен жиһаз өндірісі.

Ең бір көкейкесті мәселе - шағын және орта бизнеске Ақжайық ауданында да зор көңіл бөлінуде. Биыл ауданда 36 адамға 37 млн.теңге көлемінде несие берілді. 6 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс жасауда. Тағы екі шаруашылық осындай мәртебе алу бағытында жұмыстануда.

Тәуелсіздік жолына түскен сын сағаттарда Елбасымыз өзін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде көрсетіп, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады. Халқының бағына туған ол шынайы Ұлт Көшбасшысына айналып отыр.

Жиында аудандық мәслихат депутаты, журналист Тілес Жазықбай, еңбек ардагері Ғибатолла Тілебалиев, аудандық мәслихат депутаты, орта мектеп директоры Болат Шәленов, облыстық мәслихаттың депутаты, №14 кәсіптік лицей директоры Бақытжан Қоспаев және басқалар Елбасы өкілеттігін ұзартуды қолдайтындықтарын білдірді.

Қазіргі кезде БҚО бойынша ынталы топ мүшелері бүкілхалықтық референдум өткізуді қолдаған тұрғындар қолын жинақтауда.