ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз өз Үндеуінде билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелерін дер кезінде қойып отыр. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Серғалиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, өтпелі кезеңде күшті билік керек болды. Тәуелсіздік алғаннан бергі мерзім Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасқандығын көрсетті. Елбасының бастауымен қарқынды дамып келе жатқан Қазақ елін бүкіл әлем таныды. Сонымен қатар, Президентіміздің атап өткеніндей, қоғам өзгерді. Дүние жүзінде де көптеген өзгерістер болып жатыр. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртатын мезгіл келді.
«Үндеу әр азаматты елі үшін, оның болашағы үшін жауапты болуға шақырады. Президентіміздің қай бастамасы да күллі әлем тап болып отырған жаһандық мәселелердің алдын алуға бағытталған. Екіншіден, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жөнінде әркім өз пікірін еркін айта алады. Яғни әр адам алдағы реформаға тікелей қатыса алады. Бұл еліміздің барша азаматтары үшін ортақ мәселе болмақ», деді Н.Серғалиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).