Елбасы: Өзгеруге көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс - дамуымыздың ең басты қағидасы. Бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық  газетінде шыққан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай делінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр», - деді мақаласын қорытындалай келе Елбасы. 

Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деген сенімін білдіреді. «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс  біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», - дейді Мемлекет басшысы.