Елбасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар турасында: Еңбек министрлігі бұл іске жауапсыздық танытты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндіктер жасауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық», - делінген Елбасы Жолдауында.

Осы орайда Президент нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажеттігін жүктеді.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет. Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс. Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс. Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады. Еңбек кітапшаларын да электрондық форматқа көшірген жөн», - деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау қажет екенін мәлім етті.