Елбасы Парламентке БҰҰ миссияларына қазақстандық әскерилерді жіберу туралы Үндеу жолдады

None
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы Үндеуі жарияланды.

Бірлескен отырыс барысында Қорғаныс министрі Ә. Жақсыбеков Елбасының БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына бақылаушылар ретінде қазақстандық әскери қызметшілерді жіберу туралы Парламентке Үндеу жолдауды жүктегенін айтып, Президент үндеуін депутаттар алдында оқып берді. «Соңғы жылдары әлемдік қоғамдастықтың дүние жүзінің түрлі өңірлеріндегі қарулы жанжалдарды бейбіт реттеуге жәрдемдесуге бағытталған бітімгершілік операциялары деңгейіндегі күш-жігері елеулі арта түсті. Статистикаға сәйкес, 1992 жылдан бері әлемде мемлекетаралық жанжалдар саны қырық пайызға қысқарған. Бұл көп жағдайда БҰҰ бітімгершілік операцияларын жүргізумен байланысты болып табылады. Бейбітшілікті сақтау - халықаралық ұжымдық міндет. БҰҰ жарғысына сәйкес, бұған мүше мемлекеттердің барлығы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін әскери контингенттер бөлуге келісті. Бұл ретте өзінің әскери контингенттерін бөлетін елдер әскерилерді даярлау процесіне белсенді түрде енгізілетін қазіргі жағдайдағы іс-қимылдар жүргізудің практикалық тәжірибесін жинақтайды», - делінген Елбасы Үндеуінде.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өз үндеуінде БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық міндеттерді орындауға іс жүзінде қосқан үлесі әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, елдің сыртқы саясатындағы мүдделерін ілгерілетуге, сондай-ақ әскери техникалық саладағы және кадрлар даярлаудағы салмақты аргумент ретінде қызмет ететінін атап өтеді. «БҰҰ бітімгершілік миссияларына қазақстандық әскери қызметшілерімізді жіберу бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі БҰҰ Бас органы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне және БҰҰ Бас Ассамблеясы жетпіс бірінші сессиясына төрағалығына сайлануда Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетуге ықпал ететін болады», - делінген ҚР Президентінің Үндеуінде.

Еске сала кетейік, Конституцияға сәйкес, Республика Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану жөніндегі шешім қабылданады.