Елбасы поляк кәсіпкерлері үшін тартымды салаларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Польша кәсіпкерлері екі елдің экономикалық қарым-қатынастарын лайықты деңгейге көтеру үшін жұмыс істеуі тиіс. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша президенті Анджей Дудамен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасау барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сауда-экономикалық саладағы кооперацияны кеңейтуге айрықша назар аударылды. Соңғы уақытта бұл салада құлдырау байқалады. Біздің іскерлік ортамыз экономикалық қарым-қатынастарымызды лайықты деңгейге көтеру үшін жұмыс істеуі тиіс. Қазақстан бизнестің жұмыс істеуі үшін барлық оңтайлы шарттарды жасады. Бүгінде біздің елімізде поляк капиталының қатысуымен 115 кәсіпорын жұмыс істейді, 200 млн доллардан астам тікелей инвестиция салынған. Машина жасау, ауыл шаруашылығы, энергетика мен көлік салаларының тартымды келешегі бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Елбасы бүгін елордада Қазақстан-Польша бизнес форумның өтетіндігін еске салды.

«Бизнесмендеріміз өзара жаңа келісімшарттар жайында уағдаласады деп ойлаймын. Біз екі ел арасындағы экономикалық өзара қарым-қатынастың барлық аспектілерін қарайтын боламыз», - деді Қазақстан Президенті.

Мұнан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев Азиядан Еуропаға және кері бағытта жүктерді жеткізуді жеделдету үшін заманауи көлік инфрақұрылымын жасау барысында Қазақстан мен Польша бір-біріне көмек көрсетуге ниетті екендігін айтты.