Елбасы Президенттің барлық бастамаларын қолдауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында қазақстандықтарды Президенттің бастамаларын қолдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізге алдағы уақытта бейбітшілікті жақтайтын саясатымыз бен халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы игі әрекеттерімізді жалғастыра беру керек. Солай істеліп жатыр. Көпшілік халықтың қолдауымен ресми жоғары билік тізгінін қолына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінде стратегиялық бағдарламаларымызды лайықты жалғастырып, елді тиімді басқарып келеді», - деді Тұңғыш Президент.

Сондай-ақ, ол қазақ тарихындағы өкінішті сәттердің бәрі ел бірлігіне сызат түскен кезде орын алғанын еске салды.

«Тарихтан білесіздер. Қазақ қосылған кезде жеңбеген жауы болған жоқ. Қазақ кішкене ыдыраған кезде кім болса, сол келіп талап кеткен. Соны өзіміз де, жастарымыз да ешқашан ұмытпауы керек. Сондықтан Президентімізді қолдап, бастамаларының барлығына жұмыс істеп, бір адамдай болса, бір қолдан жең шығарсақ, бір жағадан бас шығарсақ, болашақтағы табыстарымыз мол болады», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтіп жатыр.

Салтанатты іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мәдениет және қоғам, өнер, спорт қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып отыр.