Елбасы румыниялық компанияларды Қазақстанды индустрияландыруға қатысуға шақырды

None
АНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев румыниялық компанияларды Қазақстанды индустрияландыруға қатысуға шақырды. Президент бұл ұсынысын бүгін Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Румыния Президенті Троян Басескумен жүргізілген кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Румыниямен энергетикаға, көлік-коммуникацияға, Қазақстанның индустриялық дамуына, ауыл шаруашылығына, халық тұтынатын тауарларға қатысты көптеген бағыттар бойынша ынтымақтасуға дайын. Біз румыниялық компанияларды Қазақстанды индустрияландыруға қатысуға шақырамыз», деді келіссөздер кезінде Н. Назарбаев.

Елбасының айтуынша, шағын құрамдағы келіссөздер барысында Қазақстан мен Румыния арасындағы экономикалық-саяси ынтымақтастықтан бастап, екі ел орналасқан өңірлердегі проблемаларға қатысты мәселелер талқыланған. «Менің ойымша, келіссөздер өте жемісті болды. Сіз бен біздің жоғары деңгейде диалог орнатқанымыз біздердің іскер адамдарымыздың Қазақстанда белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді», деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, Румынияда 11 румын-қазақ кәсіпорыны тіркелген. Олар құрылыс, электротехника, алтын өндіру өнеркәсібі, жиһаз, киім-кешек, аяқ киім және медикаменттер саласында жұмыс істейді. Румыния экономикасына салынған Қазақстан инвестицияларының көлемі 3,5 млрд. долларды құрайды.