Елбасы С.Сәпиевті Олимпиада «алтынымен» құттықтады: Мұндай тамаша жеңістер - жас қазақстандықтарға жақсы үлгі!

АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиялық ойындардағы жеңісіне орай қазақстандық спортшы Серік Сәпиевке құттықтау жеделхатын жолдады.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында бокстан алтын медальға ие болуың құтты болсын!

Жеңісің арқылы сен отандастарыңа зор қуаныш сыйлап, елімізге деген ерекше мақтаныш сезімін туғыздың. Мұндай тамаша жеңістер спорт шыңдарының күн сайынғы қажырлы әрі жанкешті еңбекпен ғана игерілетінін жас қазақстандықтарға сөзбен емес, іспен дәлелдеудің жақсы үлгісі болып табылады.

Мықты денсаулық пен бақыт, әрбір ісіңе сәттіліктер тілеймін», - делінген жеделхатта.