Елбасы сапары: Қытайлық компания Масал кен орнында жаңа комбинат салады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжіңде «Масал тау-кен байыту комбинаты» ЖШС қытайлық China National Technical Import and Export Corporation (CNTIC) корпорациясымен және қытайлық ЭКСИМ-банкпен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

CNTIC корпорациясымен жасалған келісім Ақмола облысындағы Масал темір кен орны базасында тау-кен-металлургиялық кешенін салуға мердігерлік келісімшарт жасасуға тараптардың ниетін қарастырады. Ал ЭКСИМ-банкпен арадағы келісім жобаны қаржыландыру мәселесін шешуді көздейді.

Еске салайық, Масал кен орнында тау-кен-металлургиялық кешенін салу жобасы ҚР Үкіметінің қаулысымен  стратегиялық жобалар тізіліміне енгізілді. Жоспар бойынша, кешенде кен өндіруден бастап жоғары сапалы болаттың алуан түрін өндіруге дейінгі өндірістің барлық тізбегі қамтылады. Қуаты - жылына 1 млн тонна өнім.

Масал кен орнындағы С1 және С2 санаттары бойынша кеннің эксплуатациялық жиынтық қоры 729 млн тоннаны құрайды.

«Масал тау-кен байыту комбинаты» ЖШС «Самұрық-Қазына» АҚ-ның құрамына енетін «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның еншілес компаниясы.

Келісім Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына сапары барысында жасалды.

Бүгін Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы шеңберінде халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі екікүндік Форум өз жұмысын бастады. Оған 29 мемлекеттің және 3 ірі халықаралық ұйымның (БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры) басшылары қатысуда.