***
«Үкіметбасы Кәрім Мәсімов кеше өзінің дағдарыстан қандай сабақ алғандығын жария етті. өз командасын соңынан ерткен Кәрім Қажымқанұлы бұл күні Парламентке бас сұғып, Төменгі палатаның жалпы отырысына қатысқан еді. «Сіздің бейнеңіз бірқатар депутаттардың көзін арбайды!» деп қалаулы Рауан Шаекин әзілдегеніндей, Үкімет басшысының өзі келгенін көрген Мәжіліс депутаттары «Бюджет-2010-2012»-ні - алдағы үш жылдың басты қаржылық құжатын Үкімет мүшелеріне бірде-бір сұрақ қоймай-ақ, мақұлдап жіберді. Осыдан кейін Мәжіліс мінберіне көтерілген Кәрім Мәсімов қалаулыларға шағын «дәріс» оқып берді. Ол жаһандық дағдарыстың арқасында экономиканы басқаруға Үкіметтің басқаша көзқараспен қарай бастағандығын ашық мойындады», деп жазады «Айқын» газеті. Үкіметтің дағдарысқа басқаша көзқарасы қандай екендігін білгіңіз келсе осы басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Мәсімов дағдарыстан қандай сабақ алды?» атты мақаланы оқыңыз.
«Ел экономикасының «тоғыз айлық толғағы». Осы тақырыппен «Айқын» басылымның бейсенбілік нөмірінде жарық көрген мақалада апта басында еліміз үшін де, әлем үшін де аса қиынға түскен тоғыз айдың экономикалық-әлеуметтік қорытындылары шығарылғаны баяндалған. Газеттің жазуынша, К.Мәсімов Үкіметінің масаттануына негіз болып отырған тағы бір жайт - жылдар бойы бой бермей келген инфляцияның құрықталып, «дәліз» шегінен шықпай жүруі екен. Жарияланымда «Инфляциялық процестерді реттеу бойынша қабылданған шаралар - тұтыну нарығында бағаның өсуін тежеуге әсер етті. Ағымдағы жылдың тоғыз айында орташа жылдық инфляция 7,8 пайызды құрады. Ол 2008 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 11,4 пайыздық тармаққа төмен», деген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б.Сұлтановтың сөзі келтірілген.
Осы басылымда «Eurasia Film Produсtion» киностудиясының бас директоры, «Астана - менің махаббатым», «Моңғол», «Тюльпан», «Базар» көркем фильмдерінің продюсері Гүлнар Сәрсеновамен арадағы сұхбат «Елбасы сериалға түсуге келісім берді» деген тақырыппен жарық көрді. Басылымның фильмде Қазақстан Президентінің рөлін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ойнай ма деген сауалына Г.Сәрсенова «Міндетті түрде Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ойнайды, келісімін беріп отыр. Қазір Елбасына арнап сценарий жазуды ойластырып жатырмыз. 12-ші бөлімде түрік қызына сұхбат берген сәтті көрсетуіміз керек қой», депті. Аталған жайттардың егжей-тегжейін, қандай фильм екендігін басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
«Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік санында қазанның 20-сында ашылған «Қазақ елі» кешені жайында толық мағлұмат берілген. Сонымен қатар осы газет беттерінен ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан елорда әкімі И.Тасмағамбетовтің, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сенатор Әбіш Кекілбаевтың, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның, Қазақстанның еңбек ері Геннадий Зенченконың, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, «Хабар» телеарнасының журналисі Юлия Кушнареваның сөйлеген сөздерінің толық мәтінімен таныса аласыздар. Сондай-ақ, Мемлекеттік тарих институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Жамалидин Ибрагимовтың «Ұлттық мұратымыздың ұстыны» атты көлемді мақаласы басылған.
Осы басылымның «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» атты тұрақты айдарында қала әкімі И.Тасмағамбетов елорда тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарына тұшымды жауап берген.
Астанада Қазақстан мемлекеттілігінің белгісі ретінде ашылған «Қазақ елі» кешеніне байланысты материал «Экономика» басылымында да «Еренғайып мұнара» деген тақырыппен жарық көрген. Онда кешен жайлы жан-жақты мағлұмат беріліп, ашылу салтанатында сөз сөйлеген елорда әкімі И.Тасмағамбетовтің, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздері келтірілген.
Сондай-ақ осы қазақ елі үшін айтулы оқиғаға байланысты материалдар «Нұр Астана» басылымының бүгінгі санында да жарияланған.
«Әлихан Бөкейханов - XX ғасыр басында патшалық отарлықтың бұғауында тұншығып, ыза мен кектің отына өртенген қаймана қазақтың арасынан шыққан, ұлт теңдігі үшін күрескен үлкен тарихи тұлға. Бәлкім, тәуелсіз өмірге талпынып, азаттық үшін алысу талай ұлы тұлғалардың маңдайына жазған тағдырдың ісі шығар...», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы жайындағы тың деректермен танысқыңыз келсе, басылымда жарық көрген «Әмбебап Әлихан» атты мақаланы оқыңыз.
***
«Студенттік несие сәтсіздікке ұшырады». Осы тақырыппен «Нұр Астана» газетінде жарияланған мақалада «Нұр Отан» ХДП-ның Парламент мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген жиналысында дағдарысқа қарсы бағдарлама мен «Жол картасының» орындалуы туралы Үкімет есебі жайында жазылған. Мақала барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетовтің, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың сөздері келтіріліп, Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтың «Дағдарысты еңсеруде, дағдарыстан кейінгі дамуды қамтамасыз етуде «Нұр Отан» мен Үкіметтің арасында антагонистік пікір жоқ», деген сөзімен түйінделген.
Қазанның 20-ында Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысқан кеңес өткен болатын. «Нұр Астана» басылымының бейсенбілік нөмірінде осы алқалы жиынға орай «Қазақстанда мемлекеттік тіл біреу, ол қазақ тілі» деген мақала жарық көрді. Онда «Асыра айтқандық емес, дәл осы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәжірибесі біздің еліміздің келесі жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығын сайлауына ықпал еткен түйінді факторлардың бірі болды. Бұл - мақтануға тұрарлық, еліміздің мүддесі үшін пайдалы аса маңызды геосаяси жеңісіміз», деген Қ.Саудабаевтың сөзі келтірілген.
***
«Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына ортақ болып, бұдан бірнеше жыл бұрын құрылған «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы нәтижелі істерін енді таныта бастады. Жыл басында қабылданған «Жайлау» бағдарламасы негізінде корпорация облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуды қолға алып, шаруаларға несиеге қой үлестіре бастады. Таяуда алғашқы бір мың қойды Екібастұз қаласының шаруалары алды. Бұрын-соңды болып көрмеген қой түріндегі несиелер облыстың бес ауданына беріледі деп жоспарланған», деп жазады «Экономика» басылымы. Мал шаруашылығын өркендетуге жолашар жаңа несие жайы қызықтырса, басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Мал өсірсең, қой өсір.... Павлодар облысында несиеге қойлар берілуде» мақаламен танысыңыз.
«Ендігі жылы мемлекеттік қазынаға құйылатын кіріс 3 трлн. 189,6 млрд. теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы бағамен салыстырғанда өсім 16,2 пайыз. Ал 2011 және 2012 жылдары кірісті сәйкесінше 334,4 млрд. және 141,5 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарлануда», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.
Мұндай мәліметтер спикер Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Мәжілістің пленарлық отырысында айтылған. Осы тақырыпқа қатысты мақалалармен «Экспресс-К», «Литер» газеттерінен де оқуға болады.
«Экспресс-К» газетінің Атырау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің басшысы Светлана Жұмашеваның сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, қыркүйектің 11-інде салынып жатқан көпірдің құлауынан 7 адамның мерт болуына жол берген атыраулық «Трансқұрылыскөпір» АҚ-да жергілікті атқарушы органдардың көпір құрылысына жер телімін бөлу туралы шешімі болмаған.
Сонымен қатар басылымның келтірген деректеріне қарағанда, тіпті акционерлік қоғамның Орал өзені арқылы салынатын көпірдің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттарына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да болмаған.
Осы жайтқа орай жазылған мақалалар «Экспресс-К», «Комсомольская правда» басылымдарында да жарық көрген.
«Комсомольская правда Казахстан» газетінің жазуынша, біздің «Астана» велокомандамыз Халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) болжамы бойынша өткен маусымның қорытындысында өте күшті деп танылған. Басылымның нақтылауынша, маусым бойы «Астана» командасы жалпы 1100 ұпай жинап, басты қарсыластарының бірі испандық «Caisse d'Epargne» командасынан 52 ұпайға озып кеткен. Жылдың үздік велошабандозы болып «Тур де Франс-2009» жеңімпазы Альберто Контадор (527 ұпай) есімі аталады.