«Ә дегенде әрине, тәжірибеге жүгінесің. Тағайындайтын адамдарды білесің, істеп жүргенін, кімнің қалай екенін. Бәрін таразыға салып, қайсысы деген кез шынымды айтсам мен үшін ең қиын мәселе осы. Біріншіден, өзім тағайындаған азаматтардың сол жұмысты істей алмай, жұмыстан босатқан кезде қиналамын. Себебі оның өзін ғана емес, балаларын, ағайын-туғандарын ойлаймын. Мынаның аяғы шалыс кетіп, барлығы қиналады-ау деп, мынаны қазір жұмыстан алып тастасам, өзі де, барлығы да қиналады-ау деп ойлаймын. Одан кейін нақ тауып, дөп тауып, ертең жұмыс істеп кететіні қайсысы екен деп, оған да қатты қиналатыным рас. Ал енді тиісті адамды тауып, орнына қою ол да аз шешім емес», - деді ҚР Президенті. Елбасының атап өтуінше, бір адам бірінші басшы болғанда өзін көрсете алады. Екіншісі өмір-бақи екінші орында тұрса, үшінші біреу үшінші орында өзін көрсетеді. Ал кадр таңдауда қателік жіберу бүкіл елге, мемлекетке зиянын тигізуі мүмкін. «Мысалы, айтайық, Алматыдан Астананы осы жерге алып келу оңай шаруа ма? Ойлайсың, ертең ана жаққа ұшаққа отырып барайын деп. Барайын деп тұрасың ғой, бірақ бірдеңе саған «барма» деп тұрады - ішкі түйсік. Түйсік деген сөз, қазақта түйсіксіз екенсің деген сөз бар ғой. Түйсік деген бұл сөзге жатпайды. Меніңше, сезім деген дұрыс сияқты. Менде ол бар», - деді ҚР Президенті.
21:45, 13 Желтоқсан 2015
Елбасы шешім қабылдауда ішкі сезімге сенім артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін отандық телеарналарға сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шешім қабылдауда ішкі сезімге жиі сенім артатындығын айтты.