Елбасы шейх Мұхаммедтен «Әбу Даби плаза» кешені құрылысын тездетуді сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық байланыстар артып келеді. Бұл туралы бүгін Ақордада пен Әбу Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіз бен менің арамыздағы туысқаншылық, бауырластық, жиі кездесулердің арқасында екі елдің арасындағы бизнес, іскерлік қарым-қатынас ұлғайып келе жатыр. Сауда-саттығымыз екі есе артты. Алдымызда көп мақсаттар бар. Инвестицияны сақтау туралы келісімге қол қойдық. Қосарланған салық салмау мәселесін келістік. Бүгін мәдениет жөнінде келісімге қол қоямыз», - деп атап өтті Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанды Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап қолдап келе жатқанын айтты.

«Жалпы Таяу Шығыстағы және Шығанақтағы өте белгілі, беделді ел болып келесіздер. Дүниежүзіне белгілі саясат жүргізіп отырсыздар. Сіздің еліңіз жаңалық пен технология, ғылым бойынша көп жұмыс жасап жатқаны жөнінде мәліметіміз бар. Қарым-қатынасымыз өсіп келеді. Оған риясыз қарым-қатынасқа қол жеткізгеніміз себеп болып отыр. Құрметті бауырым, Астананың 20 жылдық мерейтойына келіп бізді қуанттыңыз. Астана сіздің үйіңіз, Қазақстан сіздің үйіңіз. Қай уақытта, қай жерге келеміз десеңіз де біз әр уақытта құшақ жая қарсы аламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елордада шейх Халифаның тапсырмасымен құрылыстар салынғанын, басқа да көмек беріліп отырғанын атап өтті.

«Қазір «Әбу Даби плаза» деген үлкен кешен салынуда. Шейх Мансурмен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, оның құрылысын кішкене тездету керек. Құрылыс созылып кетті», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Әбу Дабидің мұрагер ханзадасының ертең «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысатындығы үшін де ризашылығын білдірді.