«Қадірлі қауым, ардагерлер мен әскери, құқық қорғау, арнайы қызмет қызметкерлері! Ең алдымен баршаңызды ертеңгі атап өтетін Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Біз 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның әскерін құрған болатынбыз. Бұл күн - біз үшін Отан қорғаушылар күні. Екіншіден, бұл мереке Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен қатар келіп отыр. Осы екі мерекемен баршаларыңызды құттықтаймын», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы аталған мерекелерге орай арнайы Жарлық шығарып, біраз азаматтарды марапаттауды ұйғарғанын, марапатқа ерен еңбегімен қалтқысыз қызмет еткен жандар кіргенін атап өтті.
«Осы жолы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлеріне Тәуелсіздігіміздің төл наградалары тапсырылатын болады. Қазақстан бойынша көп азаматтар марапатталды. Менің уәкілдерім жер-жерде оны табыстайды. Сіздерге табыстағаным солардың барлығына бірдей табыстағаным болып саналады», - деді Елбасы.