Ұлытауда айтылған түйдек-түйдек ойларға қатысты өз пікірін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Ажар Бейсенбаева білдірді.
«Президент өз сөзінде қазақ үшін өте көкейкесті тіл, дін, ұлтаралық татулық, тарих мәселелерін тілге тиек етті. Әсіресе, Қазақстан экономикасы жөнінде маңызды мәселелерді шешудегі айқын жол бар екенін атап өтті. Соның ішінде бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кірер алдындағы Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясындағы атқарып жатқан іс-шаралардың еліміздің экономикасын нығайту мақсатында жүргізіліп жатқаны аян. Елбасы мұны өте дұрыс атады. Қазіргі жаһандану заманында өз-өзінен тұйықталуға болмайды. Мейлінше өзге елдермен экономикалық және технологиялық қарым-қатынастарды дамыту қажет. Экономикалық интеграция дамуға әкеледі. Ең алдымен, сыртқы экономикалық байланысымызды нығайтып, экспорттық потенциалды арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар, ЕО мүшелерінен Қазақстанға инвестиция тартуға мол мүмкіндік ашылады. Ол өз кезегінде дамуға серпін беретін инновациялық технологиялар, білім, тәжірибе алмасу болып табылады», - деді ол.
Президент қазіргі саяси ахуал аясында, яғни одақтасымыз Ресейге Еуроодақ тарапынан қойылып жатқан санкциялардың салдарын да тиімді пайдалану жолдарын көрсетті, дейді маман.
«Еуроодақтың қатаң қадамдарының есебінен басқа елдерге экспорт ауқымын арттыру мүмкіндігі жоғарылайтынына көз жеткізді. Біз осыны пайдаланып, Ресей нарығындағы үлесімізді арттыруымыз керек. Ауылшаруашылық өнімдерінен басқа шикізат өнімдерін де экспорттау көлемін арттыруымыз керек», - деді маман.
Экономист ғалым әр айтылған пікірдің темірдей берік негіздемесі болуы керек деп санайды.
«Қазіргі ақпарат заманында қоғамдық пікір туғызу оңайдың оңайы болып кетті. Әлеуметтік желі арқылы халықтың үрейін ұшырып жатқандар қаншама. Маңызды сұхбат кейбір саясаткерлердің экономикамызға кері әсер ететіндігі жөніндегі пікірін мұқият сараптап барып ойын білдіруін міндеттеді», - деп қорытындылады ойын Ажар Бейсенбаева.