«Біздің пікірімізше, осыншама төмен көрсеткіштерге жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайы әсер етті. Мен тәуелсіздік алғаннан кейін салынған жолдарымыз жақсы деп санаймын. Көптеген елдерде болдым, олардың жолдарының сапасын бағаладым. Қазіргі кезде біздің көлік жолдарымыздың құрылыс қарқыны өте жоғары деп айта аламын. Ал бұл жолдардың пайдаланылуы - бұл басқа мәселе. Мемлекет басшысы алдағы уақытта жолдардың сапасын жақсарту ісін қолға алуды тапсырды, бізде 73 мың шақырымға жуық жол бар», - деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның президенті Бағдат Телтаев.
Елбасының жол салу ұйымдарының алдына қойған бірінші кезектегі міндет - шалғайдағы өңірлер мен ауылдарға жол салу.
«Мемлекет басшысы айтқандай, біз ауылдарға көңіл аударуымыз керек. Биылғы жылы ауылдық автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға 147 млрд теңге бөлінген. Келесі жылы тағы 140 млрд теңге бөлінеді. Бізде ауылдарда жол жоқ деген пікір неге қалыптасқан? Себебі автомобильдің көбеюі жолдарды салу қарқынынан қашан да көп. Жаңа елді мекендерде алдымен үйлер салынып, одан кейін ғана жол құрылысы басталады. Сондықтан ауыл шетінде қашанда дұрыс жол болмайды. Біз бұл проблеманы шешетін боламыз», - деп сендірді Б.Телтаев.
Сондай-ақ ол Қазақстанда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 40 пайызының жағдайы жақсы, 30 пайызы - қанағаттанарлық және тағы 30 пайызы нашар екенін атап өтті.
Атап өту керек, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің нұсқасы бойынша, 2017-2018 жылдары ең үздік және ең нашар жолдары бар елдер рейтингінде Қазақстан 137 елдің ішінен 115-ші орын алған.