Жақын болашақта Қарағанды және Теміртауда жаңа әлеуметтік нысандар пайда болады. Ол жайлы облыс әкімі Ерлан Қошанов Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
- Қыркүйекте біз Елбасына Қарағандының Жаңа орталығын дамыту бойынша жоспарларымызды таныстырдық. Президент аталмыш бастаманы қолдады. Бұған қоса облыс орталығын миллион тұрғыны бар қалаға айналдыру керектігі туралы ойын білдірді. Біз шаһарды дамыту стратегиясын құруға кірісіп кеттік, - деді Ерлан Қошанов.
Елбасы берген тапсырмаларды жүзеге асыру ерекше бақылауда.
- Қыс айларында Қарағандыда қазіргі заманғы балалар және жасөспірімдер сарайының құрылысын бастаймыз. Дәстүрлі үйірмелермен қатар мұнда жаңа секциялар да қарастырылады: робототехника және модельдеу бойынша, сондай-ақ планетарий үйірмесі. Көктемде олимпиада стандарттарына сай келетін 50 метрлік жүзу бассейні салына бастайды. Қарағандыда дарынды жүзгіштер, синхроншылар жетерлік, біз оларға барлық жағдай жасаймыз»,- деп атап өтті облыс әкімі.
Облыс орталығында сондай-ақ 1500 орынға шақталған концерт залы, Күрес орталығы салынады.
- Қарағандының теміржол вокзалы толықтай қалпына келтіріледі. Жолаушылар ағымы 2,5 есе артады. Ең бастысы - біз ғимараттың бірегей тарихи қасбетін, жапсырмаларын, барельефтерін сақтап қаламыз. Бұған қоса, жерлесіміз Геннадий Головкин ауданы 5500 шаршы метрді құрайтын спорт кешенін салып жатыр,- деп қосты Ерлан Қошанов.
Металлургтер қаласында, Елбасының тапсырмасына сай, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 20 мың жаңа емхана, ерте дамытуға арналған балабақша және кәсіби спорт кешенін салады.
- Аталмыш нысандар тұрғындардың осы саладағы қажеттіліктерін толықтай қанағаттандыратын болады. Бұған қоса, «АрселорМиттал Теміртауға» ЖЭО-2 жаңғырту тапсырылды. Бүгінгі таңда компания шамамен 20 млрд теңге сомасына жаңа қазандық салу бойынша жұмыстарды бастаған. Ол теміртаулықтардың жағдайын жақсартып, көп жылдар бойы өзекті болып келген жылумен қамту мәселесін шешеді,- деп атап өтті өңір басшысы.