Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емханаларда кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізді. Нәтижесінде, қағазбастылықтан арылып, емханалардағы кезек азайып, учаскелік дәрігерлерге жүгіну қажеттігі төмендеді. Бүгінде Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы тиісті министрлікпен бірігіп, денсаулық сақтаудың жол картасын жасады. Әзірге мұнда 37 іс-шара белгіленген.
«Бүгінде цифрландыру аясында қағазсыз айналымға көшу жүргізіліп жатыр. Келер жылдан бастап электрондық амбулаториялық карталар, аурулардың электрондық тарихы және электрондық рецептілердің көшірмесі сияқты құжаттарды қағазсыз форматта жүргізуге толықтай ауыстырлады. Облыстағы 51 мемлекеттік медициналық мекеменің 48-і электронды жүйеге қосылған. Жыл соңына дейін жаңа жүйеге Қостанай, Рудный, Арқалық қалаларындағы психикалық диспансерді көшіреміз. Жалпы 7696 дәрігер ақпараттық бағдарламаларды меңгеру үшін арнайы оқу дәрістеріне қатысты. Емханаларда 35 медициналық құжат қолданыстан шығарылды. Келесі жылдың басында 84 құжат формасы электронды нұсқаға алмастырылмақ», - деді Абат Жауков.
2018 жылдың наурыз айында өңірде электронды денсаулық паспорты енгізілді. Қазіргі уақытта 639238 адамның электронды паспорты бар. Абат Жауков айтқандай, тұрғындар мобильдік қосымша арқылы дәрігерді үйіне шақыртып немесе қабылдауына жазыла алады.
Әр медициналық мекеменің мәліметтер базасында электронды денсаулық сақтау паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеттері болады. Dаmumed ақпараттық жүйесі тұтынушыларға өз денсаулығының жай-күйі, денсаулық сақтау қызметтері туралы қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде тұрғындар жеке кабинетіне кіріп, медициналық ұйымның көрсеткен қызметіне баға береді.
Сондай-ақ, келесі жылдан бастап қостанайлық учаскелік дәрігерлердің жалақысы өсетіні белгілі болды. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырды.
Айта кетейік, 5 қазан күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған болатын.