Аталған департаменттің мәліметінше, әр мемлекеттік органның әдеп жөніндегі уәкілдерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама жүргізілген. 5 қараша күні жүргізілген рейд кезінде Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында кешкі сағат 20:15-те басқарма басшысының қатысуымен жиналыс өткізілгені анықталды. Басшының жұмыс бөлмесінде өткен жиналысқа басқарманың бірқатар қызметшілері қатысқан. Дәл осындай жағдай қалалық Ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасында және Еңбек испекциясы басқармасында, сонымен бірге, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында да орын алған. Тексеру барысында аталған басқармалардың қызметкерлері кешкі сағат 20:00-де толықтай жұмыс орнында болу фактісі орын алған.
Ал, 2018 жылғы 6 қарашада кешкі сағат сағат 19:44-те қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің Абай ауданы бойынша басқармасында бас маманның жұмыс істегені анықталды. Ол өзінің бір сағаттан астам жүктеме жұмыс жасауының себебін тапсырма ауқымдылығының көптігінен деп түсіндірген.
Осылайша, Елбасының мемлекеттік қызметшілер белгіленген мерзімнен тыс уақытта жұмыс жасамауға тиіс деген тапсырмасы жоғарыда көрсетілген мемлекеттік органдарда тиісінше орындалмауда.
«Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен және уәкілдермен бірігіп жүргізілген рейдтік іс-шараларда анықталған жайттар бойынша нақты шаралар қабылданады. Ол үшін мемлекеттік орган басшыларымен жоғарғы тұрған орган басшыларына ұсыныстар енгізіледі. Сондай-ақ, департамент осы тұрғыдағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізетін болады» делінген хабарламада.