Елбасы тапсырмасы: Түркістан облысында 88 кәсіпорын жалақыны көтереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркістан облысындағы 88 кәсіпорын жалақыны көтереді.

Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Түркістан қаласын дамыту барысы» тақырыбында Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Облыс әкімі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

«Облыстағы кәсіпорын басшылары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін қолдайтынын білдіріп, іске кірісті. Бүгінгі таңда облыс аумағында 9798 кәсіпорын бар. Ең төменгі жалақыны көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде әзірге 88 кәсіпорын жалақыны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеруге келісті. Бұл сан әлі көбейеді», - деді әкім.
 

Аймақ басшысы баспасөз жиынында Түркістан облысының білім саласына енгізген Jumys.Sitcen.kz жүйесін Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі республикада ең үздік жүйе ретінде таңдағанын айтып, қазір оны басқа өнірлерге тарату мәселесі қолға алынғанын жеткізді. Бұл жүйенің арқасында білім ұяларындағы сыбайлас жемқорлық деректері төмендемек.

Биыл жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беретін 32,5 мың педагогтың айлық жалақысына қосымша 30% қосылған. Бұдан бөлек, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа формат бойынша 4 200 педагогтың айлық жалақы санаттарына қарай 30-50 пайыз үстемеақы төленіп жатқанын да мәлімдеді (1 млрд. 67 млн. теңге қаралған).