Елбасы тапсырмасына сәйкес халықты жұмыспен қамту - басты міндетіміз - К.Сәдбеков
Оны біз күнделікті тұрмысымыздан көріп жүрміз. Қазір ауылда тұратын ағайындарымыздың да күнкөрісі қала халқынан кем емес.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамту - 2020», «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламалары - әр қазақстандыққа жасалып жатқан қамқорлық. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Кемел Сәдбеков өз ой-толғамын былайша білдірді.
Оның айтуынша, сол қамқорлықтың тағы бір айқын дәлелі - Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы.
Осы еңбегінде Елбасы: «Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп жүрміз. Өкінішке орай, адамдар арасында біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет!» деді. Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру, жәрдемақы төлеу сияқты жасалып жатқан қамқорлықты пайдаланбайтын, өздері нәпақа табуға құлшынбайтын адамдар біздің арамызда бар екені шындық.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жұмысқа орналасу өтінішімен жолыққан адамдар санының мониторингі және талдауын үнемі жүргізеді.
Жыл басынан бері жұмысқа орналасуға өтініш білдірген адамдардың саны 2012 жылдың 1 шілдесіне 13152 адамды құрады, бұл көрсеткіш 2011 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 3106 адамға немесе 31 пайызға көбейді. Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген адамның саны 3100, бұл көрсеткіш 2011 жылдың 1 шілдесіндегіден 459 адамға артық. Бұл адамдардың еңбек етуге деген ұмтылыстары бар екенін көрсетеді.
Биылғы алты айда 6082 жаңа жұмыс орны ашылды. Жолыққан адамдардың ішінен 4800-і жұмысқа орналастырылды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 2746 адам жолданды, жастар тәжірибесіне 1130 түлек жіберілсе, соның 993-і «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша.
Кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағытында 969 адам жіберілді.
Облыс бойынша жұмыссыздарды еңбекке орналастыру мақсатында биылғы жылдың І жартыжылдығында аудандарда және қалада белгіленген кесте бойынша бос орындарға 23 жәрмеңке өткізілді.
Биылғы 1 шілдеге аудандық және қалалық жұмыспен қамту орталықтарына 5657 адам жолығып, 4810 адаммен әңгімелесу өткізілді, 4595 адам бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізіліп, 4495 адаммен әлеуметтік келісімшарттар жасалды.
«Елбасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін өзін-өзі еңбекпен қамтығандар тобындағы еңбекке қабілетті халықты нақты жағдайларды және жұмыспен қамту саласының перспективасын ескере отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудың әдістемесін әзірлеуді және өзін-өзі еңбекпен қамтыған халықты айқындау жөніндегі жаңа әдістемені ескере отырып, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдіруді тапсырды. Қазір осы тапсырманы орындау үшін жұмыстану үстіндеміз, деп түйіндеді ойын К.Сәдбеков.