Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күні Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының шығарып отырған өнім көлемі ішкі сұраныстың тек 70 пайызын ғана қамти алады. Осыған байланысты Елбасы болашақта төртінші зауыт салу мәселесін қарастыруды ұсынған болатын. «Қазіргі таңда үш зауытта қайта жаңғырту жұмыстары өтуде. Қайта жаңғыртудағы ең бірінші мақсаты - әр зауыттың өндіру қуатын арттыру. Қазіргі жағдайда біздің зауыттың әрқайсысы 14 млн. тонна төңірегінде мұнай өңдейтін болса, жаңғырту жұмысынан соң 18,5 млн. тонналық көрсеткішке қол жететін болады. Бұл тек 2016 жылдан кейін орын алады», - деді Ұзақбай Қарабалин.
Оның сөзіне қарағанда, дүниежүзіндегі тәжірибе бойынша жаңа зауыт салу барысында оның тиімділігі негізінен 10 млн. тонна өнімді өндіре алатындай аумақта қарастырылады. Яғни, дәл осындай көрсеткіш болғанда ғана жаңа зауыт салу өзін-өзі ақтай алады.
«Жаңа зауыттың осындай қуатын салу үшін бізге 6-8 млрд долларға дейін қаражат кетеді. Екіншіден, болашақта қажетті жанар-жағармайдың көлемін ескере отырып, біз Елбасына Үкіметтің атынан ұсыныс енгіздік. Онда жаңа зауыттың орнына Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын кеңейтуді ұсындық. Бұл ұсынысты Елбасы қолдады», - деді Ұ. Қарабалин.
Оның сөзіне қарағанда, Шымкенттегі зауыттың Кеңес Одағы тұсында жасалған инфрақұрылымдық жобасы 12 млн. тоннаға негізделген. Сондықтан да, қазіргі таңда жаңа зауыт құрылысынан гөрі Шымкент МӨЗ кеңейту тиімді болмақ. «Біріншіден, бұған кететін шығын да азаяды, тиімділігі де артады. Мәселен, сол өңірде халықтың шоғырлануы жақсы, яғни сұраныс та артады. Сұраныстан артылған өнімде оңтүстіктегі көршілерге қарай болуы ықтимал. Өйткені, солтүстіктегі Ресейге экспорттау мүмкін емес, Қытай да өзінің мұнай өңдеу зауытын салып алды, батыста Әзербайжанның мұнайы бар. Ал Шымкенттегі мұнайдың артылғанын Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан мен Тәжікстанға жөнелтуге мүмкіндік бар. Сондықтан да, ең тиімді нұсқасы - төртінші зауыттың орнына Шымкенттегі Мұнай өңдеу зауытын кеңейту болып отыр», - дейді Ұ. Қарабалин.