Елбасы туралы «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітап жарық көрді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Көкшетауда «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Кітаптың авторы - танымал журналист, драматург, қоғам және саясат қайраткері, 5-ші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев.

Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жарық көрген кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа арналды.

Бұл маңызды оқиғаны жазушымен бөлісуге оның әріптестері, өңірдің шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері келді.

Кітаптың авторын Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтап, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен мемлекет басшысының тағдыры - барлық халықтың тағдыры екенін атап өтті.

«Әлемдік аренада елдің беделінің өсуі, қазақ халқының тәуелсіздігіне қол жеткізу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты», - деді Айна Мысырәлімова.


Барлығы 488 беттік басылым үш бөліктен тұрады. Біріншісі Ж.Ерғалиевтің мақалалары. Екінші тарауда - мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен қазіргі заманғы Қазақстанның тарихындағы жарқын кезеңдердің бірі бейнеленген. Олардың ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында, Әлемдік діндер съездерін ұйымдастыруда, Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінде сөйлеген сөздері бар.

Автор өз кітабында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығын, биліктің алдында тұрған міндеттерді және осы бағдарламалық құжатты жүзеге асырудың қоғамға және экономикаға әкелетін артықшылықтарын көрсетті. Кітаптың үшінші бөлімі - халық пен Елбасы туралы ойлар мен пікірлер.

Жабал Ерғалиевтің кітабының алғашқы иегері М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана атанды. Кітапхананың қорын автордың өз қолынан табысталған 20 кітабы толықтырды.